

9 тамызда «Борт-162» полицейлері Ерасыл Нұрсұлтан мен Кенжібек Жолдыбаев облыс орталығын патрульдеу кезінде, Абай көшесімен келе жатқан «Lada Granta» автокөлігі оларға күдікті болып көрінді.
Жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлерінің тоқта деген талабын елемей, керісінше қуғын-сүргіннен жасырынуға тырысып, бағдаршамның тыйым салатын сигналдарына қарамастан, аса жылдамдықпен көше қиылыстардан өте берді. Бұл әрекет сәтсіз аяқталып, ер адам бірнеше көшеден кейін патрульдік қызметкерлермен ұсталып, қалалық полицияға жеткізілді.
«Ұсталған азамат 37 жастағы Текелі қаласының тұрғыны болып шықты. Деректер базасын тексеру кезінде, шілде айында ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Бүгінде оның үстінен бес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Ұсталған азаматтың көлігі арнайы тұраққа қойылды», – деді Талдықорған қаласы ПБ патрульдік полиция бөлімінің командирі Руслан Примжанов.
Полицейлерден қашу әрекеті үшін жүргізушіге жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы 1-бөлігі (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту), 606-бабы 1-бөлігі (Жол жүрiсiне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы), 596-бабы 5-бөлігі (Көлік құралын басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаған әрекет), 613-бабы 3-1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығы жоқ не басқару құқығынан айырылған адам,ішкі істер (полиция) қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау), 612-бабы 4-1-бөлігі (Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер үшін, жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі өзімен бірге болмаған жағдайда көлік құралын басқару) бойынша жауапкершілікке тартылды.