

Қызылордалық құтқарушылар фотокөрмеде - құрмет төрінде
2023 жылғы 29 қыркүйекте Астана қаласындағы «Атырау» көпірінде ТЖМ қызметкерлеріне арналған “Ризамыз” тақырыбындағы фотокөрменің ашылу рәсімі өтті. Онда Қызылорда өңірінің өрт сөндіруші-құтқарушыларының да бейнесін көруге болады. Атап айтқанда, Әлжанов Бағдат Ибрагимұлы, Майлыбаев Бердібек Мұратұлы, Қуантаев Мұхтар Қуантайұлы, Бектілеуов Ербол Сәндібекұлының фотолары фотокөрмеде көрініс тапты.
Сүңгуірлік-құтқару бөлімінің бас құтқарушысы Әлжанов Бағдат 2006 жылдан бастап сүңгуірлік құтқару саласында еңбек етіп келеді. 2015 жылдан бастап сүңгуірлік-құтқару бөлімінің бас құтқарушысы. Әлжанов Бағдат Ибрагимұлы қызмет өткеру кезінде Қызылорда облысы аумағында болған түрлі іздестіру-құтқару жұмыстарын нәтижелі атқаруда. Мәселен, 2022 жылғы 8 маусымда Жедел құтқару жасақ базасының тұсында оқу-жаттығу жиыны кезінде Б. Әлжанов қашықтығы 100 метр жерден қарт кісінің тік жардан суға құлап кеткенін аңғарып, әріптесі Е. Оразбековпен бірге 80 жастағы әженің өмірін аман алып қалды. Оған үздік қызметі үшін бұған дейін «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісі (2011 жылы), «ҚР ТЖМ Алғыс хаты» (2013 жылы), «ҚР ІІМ ТЖК Грамотасы» (2015 жылы), «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі (2016 жылы), «Қазақстан полициясына 25 жыл» төс белгісі (2017 жылы), «Құтқарушы» ІІІ дәрежелі төс белгісі (2018 жылы), «ҚР ІІМ ТЖК Алғыс хаты (2019 жылы), «Құтқарушы» ІІ дәрежелі төс белгісі (2020 жылы) және көптеген ведомстволық наградалар табысталған.
Майлыбаев Бердібек Мұратұлы 2018 жылдан бастап Қызылорда қаласы №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы қызметін атқарады. 2023 жылғы 30 сәуірде бөлімнің күшейтілген кезекшілігі кезінде сағат 18-ден 27 минут өткенде пәтердің өртенгені туралы «112» - Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметінің байланыс нөміріне хабарлама түсті. Өрт сөндіру бөлімінің барлау жұмыстарының нәтижесінде Қызылорда қаласының А. Сүлейменов көшесіндегі №56 үш қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы № 5 пәтерде қою түтін шығып жатқаны анықталды. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Бердібек қалың қою қара түтін басқан үш қабатты ғимараттың екінші қабатындағы №12 пәтерінен екі жасөспірім-бала мен әйел азаматты құтқарып қана қоймай, алғашқы медициналық көмек те көрсетіп, ажалдан арашалап қалды.
Қуантаев Мұхтар Қуантайұлы 2019 жылдан бастап Қызылорда қаласы №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы қызметін атқаруда. Мұхтар 2023 жылғы 28 маусымда Қызылорда қаласы №7 өрт сөндіру бөлімінен үгіт-насихат жұмыстарына бөлінген бөлімнің жүргізуші-қызметкері азаматтық қорғау кіші сержанты Ә. Бекет, азаматтық қорғау кіші сержанты М. Жеткергенмен бірге өздеріне бекітілген үгіттеу-насихаттау аймағына (Белкөл кенті, Сталин каналының бойы) бет алып, А. Тоқмағанбетов көшесі №57 үйдің жанынан өтіп бара жатқанда тұрғын үйден қою қара түтін шығып, үй иелерінің абдырап, көмек сұрап жүргендерін байқап, дереу көмекке барған. Оқиға бойынша шақырту түсіріп, шақырту орнына күш-құралдар келгенше, үй егелерінен толық жағдайды анықтап, қою қара түтін басқан аумақтан 1963 жылғы туылған II топ мүгедегі Орлова Любовь Николаевнаны қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, ғимаратты тоқтан ажыратып, қолда бар өрт сөндіргіш заттармен (шелек, су) өртті ауыздықтауға әрекет жасап, орын алған өрт оқиғасында адам құтқару мен өртті үлкен көлемдегі шығынсыз сөндіруге жан аямай атсалысты.
Бектілеуов Ербол Сәндібекұлы 2018 жылдан бастап Қызылорда қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы қызметін атқаруда.
2021 жылы 14 мамыр күні сағат 10-нан 58 минут өткен шамасында Қызылорда қаласы, Абай даңғылы №46 мекенжайда орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 5 қабатында орналасқан пәтердің жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Тұрғындардың айтуы бойынша пәтер ішінде адамдар болуы мүмкін еді. Өрт сөндіру басшысының тапсырмасына сәйкес азаматтық қорғау сержанты Ербол газ-түтіннен қорғау қызметі буынымен бірге қалың түтінге оранған №31, №32 пәтерлерден 12 ересек және 2 жасөспірім баланы қауіпсіз жерге шығарған. Газ-түтіннен қорғау қызметі буынының мүшесі Е. Бектілеуовтің жедел әрекеттерінің арқасында барлық тұрғындар эвакуацияланып, №31 пәтердің тұрғыны жедел-жәрдем қызметкерлеріне дер кезінде тапсырылып, ажалдан аман қалды.
Иә, олар өңірімізде орын алған төтенше жағдайлар кезінде халық қауіпсіздігі үшін өмірін қатерге тігіп, адам өмірі мен қоғам мүлкін құтқарған бейбіт күннің батырлары. Әріптестерімізге зор денсаулық, қызметте абырой тілейміз.
Аталмыш “Ризамыз” фотокөрмесі Астана қаласындағы «Атырау» көпірінде ағымдағы жылдың 20- қазанына дейін ұйымдастырылатын болады.
Қызылорда облысы ТЖД