

Жетісу облысында көші-қон заңнамасы желісі бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алуға және анықтауға бағытталған «Мигрант» республикалық профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Екі күн ішінде Жетісу облысының полиция қызметкерлері 73 шетел азаматын ұстады, оның ішінде Қазақстанда шетел азаматтарының болу тәртібін бұзғаны үшін 49 азамат жауапқа тартылды, ал 24 азамат жеке басын куәландыратын құжаттарының жоқ болуына байланысты қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Екі шетел азаматы республикадан тыс жерлерге шығарылды.
«Талдықорғанның түрлі құрылыс объектілері мен базарларында 16 шетел азаматы анықталып, ұсталды. Сондай-ақ, Алакөл ауданы мен Текелі қаласында көші-қон заңнамасын бұзуға жол берген ең көп шетел азаматтары ұсталды», – деп хабарлады облыстық көші-қон полициясы басқармасы.
Сонымен қатар, жұмыс барысында 53 жергілікті тұрғын жауапқа тартылды, олар шетел азаматтарын қабылдау ережесіне немқұрайлы қарап және еңбек иммигранттарын заңсыз жұмысқа тарта отырып, көші-қон саласындағы бұзушылықтарға жол берген.
Іс-шара 28 ақпанға дейін жалғасады.