Жетісу облысында полицейлер табиғатты қорғау заңнамасы бойынша бұзушылықтарды анықтауды күшейтті

Аденоидты емдеудің эндоскопиялық әдісі енгізілді

20 Feb, 06:32
2 mins read
125
Аденоидты емдеудің эндоскопиялық әдісі енгізілді
МӘМС

Түркістан облыстық балалар ауруханасының оториноларингология бөлімінде аденоидтарды емдеудің заманауи әрі тиімді тәсілі – эндоскопиялық шейверлік аденотомия әдісі енгізілді. Бұл операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жүргізіледі.

Жаңа әдіс аденоид тіндерін дәл әрі толық алып тастауға мүмкіндік береді. Ота барысында арнайы жоғары технологиялық құрал – шейвер қолданылады. Оның ерекшелігі аденоидты тіндерді ұқыпты, жұқа және нақты алып тастауға жағдай жасап, қайта пайда болу қаупін барынша азайтады.

Сонымен қатар операция кезінде заманауи эндоскопиялық жабдық пайдаланылады. Эндоскоп арқылы аденоидтардың бейнесі жоғары сапада экранға шығарылып, дәрігерге барлық манипуляцияларды толық бақылаумен жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ота қауіпсіздігін арттырып, асқынулардың алдын алуға көмектеседі.

Облыстық балалар ауруханасының балалар оториноларингологы Рахманкулов Умарали Гавкаровичтің айтуынша, бұл әдістің басты артықшылығы – операциядан кейінгі қалпына келу кезеңінің жеңіл және тез өтуі.

«Аденотомиядан кейін балалардың жағдайы тез жақсарады, тыныс алу қалпына келеді, асқыну мен қайталану қаупі төмен болады», – дейді маман.

Ота барысында қан кетуді азайту үшін арнайы радиотолқынды коагулятор қолданылады. Эндоскопиялық оптика мен жоғары дәлдіктегі құралдардың үйлесімі жарақаттың аз болуын, емделу мерзімінің қысқаруын және рецидивтердің болмауын қамтамасыз етеді.

Мамандар ата-аналарды балаларда мұрынмен тыныс алудың бұзылуы, жиі суық тию, есту қабілетінің төмендеуі, храп сияқты белгілер байқалған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралуға шақырады. Ерте диагностика мен заманауи емдеу әдістері баланың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасында бұл операция МӘМС жүйесі аясында қолжетімді, бұл балаларға сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмекті тегін алуға жағдай жасап отыр.

Subscribe or follow our news on social networks
Error in the text? Please let us know. Highlight the error and press Ctrl + Enter

Last News

20 February
19 February
18 February