АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшелері Болат Керімбек пен Руслан Қожасбаев, Жетісу облыстық штаб мүшесі Бласов Бекет Жаулаубекұлы Үштөбе қаласындағы Қаратал гумманитарлық колледждің ұжымымен кездесіп, атом электр стансасының болашағын талқылады.
Штаб мүшелерінің айтуынша, атом энергетикасына көшу ауаның ластану проблемасын шешудің тиімді тәсілі. Өйткені АЭС – көмір электр стансаларына қарағанда әлдеқайда экологиялық тұрғыда таза. Халықтық штаб мүшесі Болат Керімбектың айтуынша, АЭС – бұл энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздіктің кепілі.
– Қазіргідей әлемде ресурстарға, энергияға бәсеке күшейген уақытта елдің энергетикалық тәуелсіздігі, энергетикалық қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мұндай жағдайда, орынсыз үрей мен жөнсіз популизмнің жетегіне еріп, АЭС-ке қарсылық таныту ел болашағына жасалған қиянат болар еді. Сондықтан, Қазақстанда АЭС салу – өмірлік мәселе екенін баршамыз ұғынуымыз қажет. Біз осындай тағдырлы мәселелерді келер ұрпақтың мойнына артып кетпей, дәл бүгін батыл, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз, – деді Б.Керімбек.
Ал, Руслан Қожасбаевтың сөзінше, атом электр стансалары тұрақты және болжамды электр энергиясын өндіруге қабілетті. Бұл – әсіресе, өнеркәсіп пен ірі қалалар үшін аса маңызды. Сонымен қатар уранның үлкен қорына ие Қазақстан көміртегі шығарындыларын барынша азайта отырып, энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді және экологиялық таза тәсілі ретінде атом электр стансыларын пайдалана алады. Осылайша, елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көздері мен атом электр станцияларын дамытуды біріктіру оңтайлы стратегия болмақ.
Жиын барысында колледж ұжымы АЭС төңірегіндегі сауалдарына жауап тапқан соң, 6-қазанда ел болашағын жарық ететін жобаны қолдауға уағдаласты.