News

МӘМС – денсаулық қорғаны

20 Mar, 08:24
2 mins read
172
МӘМС – денсаулық қорғаны
МӘМС

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық көмекті қаржыландыру бойынша шараларына тоқталғанды жөн санадым.

Жүйе іске қосылғалы бері, ауыл медицинасының дамуына елеулі жұмыстар жасалып жатыр. Атап өтерлігі, қаражат алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту, жылжымалы медициналық кешендер есебінен шалғайдағы елді мекендерде қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік берілді, стационарларда емдеуге жұмсалып жатқаны қуантады.

Сонымен қатар, жүйенің денсаулық сақтау саласына оң әсері көп. Біріншіден, дәрігерлердің орташа жалақысы 189-дан 454 мың теңгеге дейін, ал орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 117 мың теңгеден 236 мың теңгеге дейін өсті. Екіншіден, елдің бір тұрғынына денсаулық шығындары 56 мыңнан 122 мың теңгеге дейін өсті. Үшіншіден, МӘМС жүйесінің енгізілуі жылжымалы медициналық кешендер есебінен шалғайдағы елді мекендерде қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік берді. Ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамту 1,8 есе артты.

Өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмысында өсу динамикасы байқалады. Кадрлармен қамтамасыз етіліп, заманауи жабдықтармен, соның ішінде КТ, МРТ, ангиографтармен жабдықталған. МӘМС жүйесі енгізілгелі нарықта жаңа ғимараттар, жаңа технологиялар, жабдықтар және кадрларды оқыту, сондай-ақ менеджменттің жаңа тәсілдері түрінде инвестициялармен жеке клиникалар ашылды.

Көкейге қуаныш ұялататыны, бұрын ақылы негізде жүргізілген көптеген операциялар, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру операциялары МӘМС жүйесі аясында қолжетімді болды. Жыл сайын МӘМС аясында көзге жасалатын операция саны артып келеді, оның ішінде катарактамен жүгінетіндер көп. Екі жыл ішінде елімізде 8 мыңға жуық адамға операция жасалды. Бұл көру қабілетін қалпына келтіруге және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұндай операцияларды күту ұзақтығы 3-4 айдан 1 айға дейін қысқарды.

Жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалатын нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, ЭКҰ операциялары көпшілікке қолжетімді. Мысалы, құны 74 млн. теңгеден асатын кардиохирургиялық операцияны МӘМС аясында жасайды. Жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалатын оталардың орташа құны 3 млн. теңге тұрады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыруды реформалау, ең алдымен, бұрын мемлекет кепілдік берген пакетте қаржыландырылмаған қымбат оталар мен тексерулердің барлығының қолжетімді болуына байланысты қазақстандықтардың отбасылық бюджетін үнемдеуге бағытталды. Үнемделген қаражатын адамдар білім алуға және әл ауқаттарын жақсартуға жұмсай алады.

Осы ретте, айтарым медициналық көмектердің қолжетімді әрі сапалы болуы әрбір адамның жүйеге қатысуына байланысты болып отыр. Сондықтан жүйеге бір кісідей қатысып, өз денсаулығымызға жауапкершілік танытқан жөн.

Айбек Молдасапар, Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты

Subscribe or follow our news on social networks
Error in the text? Please let us know. Highlight the error and press Ctrl + Enter

Last News

26 April
25 April
24 April