Пенсии и пособия увеличат в Казахстане в следующем году

МӘМС - медициналық қызметтерді тұтынудың тетігіне айналды

13 Mar, 15:49
3 mins read
340
МӘМС - медициналық қызметтерді тұтынудың тетігіне айналды
МӘМС

Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Тасырбаев Райымбек Берікұлынан тұрғындардан  МӘМС жүйесіне және медициналық қызметтерге қатысты түскен сұрақтар бойынша  жауап алған болатынбыз.

-Мен тек инсулинді тегін алып жүрмін. Қалған медициналық қызметтерді  сақтандырылған мәртебесін алғаннан соң, қол жеткізеді екенмін. МӘМС жүйесі бойынша ақша төлеуге жағдайым болмай тұр. Мен не істеуім керек?

-Егер сіз созылмалы аурумен «Д» есепте болсаңыз, онда сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, осы ауру бойынша медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде ақысыз көрсетіледі.

Айта кету керек, егер қант диабеті есебінде тұрған пациент бүйрек-тас аурына (уролитияға) шағымданса, МӘМС пакетіне кіретін диагностикалық зерттеулерді алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болуы керек.

Алайда, МӘМС пакетінде қызмет алу үшін сақтандырылған болу қажет. Егер сіз есепте тұрған созылмалы ауру болса және сізге жолдама берілмесе, 1414 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы, сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы шағымды қалдыра аласыз (шағымды ресімдеу үшін дұрыс санатты таңдаңыз, тізілімде медициналық ұйымды көрсетіңіз. Әрі қарай, ЖСН, аты-жөнін көрсетіңіз және нақты өтініш беру күндерімен жағдайды толығырақ сипаттаңыз).

 

-Мен демікпемен есепте тұрмын. Жақында емханадағы дәрігер маған бұрын алған дәрі-дәрмектерді беруді тоқтатты. Бұл қаншалықты заңды?

-Демікпе динамикалық бақылауды қажет ететін әлеуметтік маңызды ауруларды білдіреді. Науқас сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамастан қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуі керек. Медициналық ұйымның тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін медициналық көмектен немесе дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бас тартуға құқығы жоқ.

Медициналық ұйымдағы бұзушылықтың нақты фактілері мен мән-жайлары бойынша Сіз шағымды 1414 Бірыңғай байланыс орталығы немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы растайтын құжаттар қосымшасы арқылы қалдыра аласыз.

 

-Жұмысқа орналасу үшін медициналық тексеруден өтуге емханаға барған едім. Ақылы өтуді айтты. Сонда МӘМС жүйесіне төлеп жатқан ақшам қайда кетті?

- ҚР ДСМ-ның 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 «Алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту» бұйрығына сәйкес ақылы негізде жүзеге асырылады, мемлекеттік қызмет көрсету құны медициналық ұйымның прейскурантына сәйкес айқындалады.

Яғни, алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту МӘМС жүйесі қызметіне кірмейді.

 

- Анализдерді тапсыру үшін және күндізгі стационарға жолдама берген еді, соған шприцтерді өзіммен бірге емханаға алып келуім керек пе?

-Медициналық қызметтерге қажетті бұйымдар мекеме тарапынан қарастырылған. Науқас ауруханаға ешқандай шприц алып бармайды. Егер мекеме тарапынан талап етсе, онда пациентті қолдау қызметіне жүгінуге кеңес беремін.

 

- Райымбек Берікұлы, емханада пациентті қолдау қызметі жұмыс жасайды ма?

- Түркістан қалалық емханасы үздік тәжірибелі практикалық алгоритм бойынша жұмыс жасайды. Бірінші қабатта пациентті қолдау қызметіне арнайы кабинет берілген. Ол жерде бас дәрігердің сапа және емдеу ісі бойынша орынбасары, эксперт тұрақты отырады. Пациентті қолдау қызметіне науқастар көбіне медициналық қызмет сапасы, МӘМС жүйесіндегі мәртебені тұрақты сақтауға байланысты сұрақтармен жүгініп, нақты жауап алады. Яғни, мамандар туындаған мәселелерді  дер шағында шешеді.

 

-МӘМС енгізілгелі бері Түркістан облысы қандай игіліктерге қол жеткізді? Яғни, жүйе іске қосылмай тұрған кезбен салыстырғанда, өңірде қандай өзгерістер бар?

- МӘМС-тің артықшылығының бірі - медициналық қызметтерді тұтынуды арттырудың белгілі бір тетігіне айналды. Бұл ішінара өмір сүру ұзақтығы мен туудың өсуіне байланысты және өз кезегінде қарттардың, жүкті әйелдер мен балалардың медициналық қызметтерді қарқынды тұтынуына әкелді. Тағы бір маңызды мәселе – МӘМС енгізілгеннен кейін ол қоғам үшін медициналық ұйымдарды басқару проблемаларын неғұрлым нақты көрсетті. Медициналық қызмет сапасына назар аударыла бастады және пациент құқығына көңіл бөлінді. Қысқа уақыт ішінде медициналық қызметтің жаңа түрлері пайда болды, медицина жаңа технологиялармен толықты, клиникалар арасында бәсекелестік қарқын алды. Сонымен қатар, дәрігер жүктемесі азайып,  адамдар өз емханаларында көбірек тексеруден өтіп, дәрігерлерден кеңес ала бастады.

Subscribe or follow our news on social networks
Error in the text? Please let us know. Highlight the error and press Ctrl + Enter

Last News

26 April
25 April
24 April