В Минэнерго назвали цену мазута для поставок в отопительный сезон

МӘМС - қосымша қаржы көзі

06 Apr 2023, 15:36
6 mins read
2053
МӘМС - қосымша қаржы көзі
МӘМС

Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері орын алып жатқан оңды өзгерістер мен медициналық ұйымдардың даму қарқыны жайлы Түркістан облыстық  жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері   Мырзагелдиев Бақытжан Мырзәліұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың  қоғамға қандай пайдасы бар?

-МӘМС жүйесі елімізде денсаулық сақтау саласының, әсіресе оны қаржыландырудың тұрақтылығын, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сақтандыру медициналық қызмет сапасын жоғарылатуға ықпал етуі тиіс. Бұл бір күнде қабылданған шешім емес, оған жылдар бойы дайындық жүргізілді. Жүйені енгізбей тұрып әлемдік тәжірибе сарапталды, бізге ыңғайлысы таңдап алынды. Біз әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды мақсат тұтқан елміз. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттердің бәрінде медициналық сақтандыру енгізіліп, қалыптасқан. Онда медицинаның даму деңгейі де өте жоғары. Себебі, сақтандыру – қосымша қаржы көзі. Өкіншке орай, біздің елде денсаулыққа бөлінетін қаржы мөлшері төмен. Мысалы, 2017 жылғы зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанның денсаулық сақтау саласына жұмсалған шығындардың 40%-тен астамы азаматтардың қалтасынан шыққан. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысы бойынша, бұл шығын 20%-тен асса, елдегі денсаулық сақтау саласының ғана емес, экономикасының да тұрақсыздығын көрсетеді. Медициналық сақтандыру қорының негізгі мақсаты -  халықтың жеке шығындарын екі есе төмендетуді көздейді.

Сақтандыру жүйесі енгізілгеніне 3жыл өтті. Еліміздегі медицина ұйымдарының көбі сақтандырумен жұмыс істеп жатыр. Бұрын қаржы тапшылығына байланысты елімізде денсаулықты қалпына келтіру, медициналық реабилитация қызметтерінің дамуы кенжелеп қалғаны рас. Ал, медициналық сақтандырудың арқасында осы салаға бөлінетін қаражат көлемі де еселеп артып отыр.

- Жалпы, МӘМС жүйесінде қызмет алу тәртібі қалай жүргізіледі?

- Жалпы, елімізде  медициналық көмек қос пакет бойынша көрсетіледі. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Ол жедел және шұғыл көмек көрсетуге, сонымен қатар қоғамдық маңызы бар ауруларды бақылауда ұстауға бағытталған. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тегін көмек пакетін Қазақстанда тұратын барлық азамат пен елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алады. Екіншісі – сақтандыру пакеті өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының негізін қалауға бағытталған.

Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал, егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.

Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық қызмет түрлері, оңалту және денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері кіреді. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.

- Жедел араласуды қажет ететін, белгілі-бір топқа жататын ауруға шалдыққан адамдар бұрынғыша тегін емделеді дедіңіз. Ал, қалған сырқаттарды емдеу, диагностикалық көмек сақтандыру пакетіне енеді ғой?

-Иә, дұрыс айтып отырсыз. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген көмек бұрынғыдай сақталады десек, қателеспейміз. Жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Бір қызмет пациенттің жағдайына қарай тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетілуі мүмкін. Мысалы, егер пациент шұғыл көмекті қажет ететін болса көмек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, ал, жоспарлы көмек МӘМС есебінен көрсетіледі. Осының ара-жігін ажырата білген жөн.

– Мысалы, бір азаматтың түні бойы құлағы ауырды делік. Бірақ ол келесі күні емханада бірден лор маманына қарала алмайды. Міндетті түрде учаскелік дәрігерге бару керек. Ол қабылдаған соң барып салалық маманға жібереді. Оны тағы күту керек. Бұл қаншалықты дұрыс? Ойыңызды білгіміз келеді.

–Жалпы, бұл сұрақты  тікелей медициналық  мекеме  басшыларына  қойған жөн.  Әрі мекеме  басшылары ұйымдастыру жұмыстарына баса назар аудару керек. Бұл жерде жоспарлы және шұғыл медициналық көмектің қандай кезде көрсетілетінін түсініп алу керек. Сіз айтқандай, ауырғаны шыдатпай, жанына батса, тұрғылықты жері бойынша бекітілген аурухананың шұғыл қабылдау бөліміне бара алады. Мекенжайын 103-ке хабарласып, анықтап алуға болады. Ауруханада салалық маман пациенттің сол жерде жағдайын қарап, қажет болса жатқызады. Ал үйге қайтарғанның өзінде ем тағайындап береді. Ал келесі күні ол емханадағы дәрігерге дейінгі кабинетке, «Пациенттерді қолдау» қызметіне жүгіне алады. Сонымен бірге пациент өз учаскесіндегі медбикемен байланыста болуы тиіс. Өз дәрігерінің телефон нөмірі болуы керек. Осындай шұғыл жағдайларда оған хабарласып, кеңес алуға болады.

-Жедел жәрдемге дейін аудандық ауруханаларда басшылық еттіңіз. Жалпы, аурухана деңгейіндегі тәжірибеңізбен бөліссеңіз...

-Жедел жәрдемге келгенге дейін Созақ аудандық орталық ауруханасында бас дәрігер қызметін атқардым. Ауруханаға қарасты  5 дәрігерлік амбулаторияның жылыту жүйесі отынмен жылытылатын жылыту қазандықтарына ауыстырылды.
Аудандық орталық ауруханаға ақылы қызмет есебінен 400 квт дизельдік электр станциясы алынды.

Таукент және Қыземшек емдеу профилактикалық мекемелерінде ақылы қызмет есебінен жылыту құрылғылары электронды жылыту қазандықтарына ауыстырылды.

Аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне, Қаратау, Сызған, Жуантөбе,
Құмкент дәрігерлік амбулаторияларына күрделі жөндеу және жылыту құрылғылары ауыстырылды. Созақ БМСК орталығына ақылы қызмет есебінен құдық қазу жұмыстары жүргізілді.

-Жалпы, жедел жәрдем қызметі қалай бөлінеді және қандай жағдайда көрсетіледі?

-Шұғыл көмек көрсетудің санатын анықтауда диспетчер ауруды емес, пациенттің қандай жағдайда жүгініп отырғанын басшылыққа алады. Егер созылмалы аурудың өзі адам өміріне қауіп төндіретіндей болса, пациентке талапқа сәйкес бригада жіберіледі. Бұл ретте қан қысымының көтерілуі қарастырылды.

Мәселен, қан қысымы жоғары пациент учаскелік дәрігердің есебінде тұрып, қан қысымын түсіру үшін тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуі керек. Қан қысымы көтеріліп, басқа да шағымдары болмаса, ол учаскелік дәрігеріне жүгінеді. Ал, ауруы күрт асқынған жағдайда "103" қызметін шақыра алады. Мұндайда жедел жәрдем қызметі оған екінші санат бойынша 15 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс.

Қысқасы, дер кезінде сапалы медициналық көмек алу үшін шағымданушы да барынша кәсібилік танытып, медицина мамандарына барынша көмектесуі керек. Диспетчермен телефон арқылы тілдесу кезінде ойын жинақтап, асып-саспай, қойылған сұрақтарға нақты жауап беру маңызды: науқастың аты-жөнін, тегін және жынысы мен жасын айту; науқастың жағдайы мен аурудың немесе оқыс оқиғаның жай-жапсарын айту; жедел жәрдемді шақыртқан жердің мекен-жайын, байланыс телефондарын, кіреберіс есіктің кодын және науқас жатқан жерге келгенде бағдар алатын деректер беру.

Жедел жәрдем қызметінің дәрігерлерінен ауыртпалықты азайту. Осылайша нағыз көмек қажет науқастарға ғана кезек күттірмейтін көмек көрсету. Сондықтанда бастапқы үш санатқа жедел жәрдем қызметі жауапты болады, қалған 4-ші санатқа қарасты науқастардың жағдайына емханалардың учаскелік дәрігерлері жауапты болады. Ведомства бұйрығына сай емханаларда арнайы бригадалар құрылады, олар 24 сағат бойы кезекшілікте болады және қажет болған жағдайда шақырту бойынша науқастарға барады. Мұндай бригадалар құрамына: дәрігер мен фельдшер немесе екі фельдшер кіреді.

-Алдағы уақытта жедел жәрдем қызметінде өзгерістер болды ма?

1.«Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы, Денсаулық сақтау Министрілігімен, Облыс әкімдігімен, Индустрия дамыту қорымен, Облыстық жедел жәрдем станциясымен  2022 жылы 28 қарашадағы №297 қаржылық жалдау шарты жасалынып,  2022 жылы желтоқсан айында жедел жәрдем станциясына 13  санитарлы автокөлік Хундай маркалы H-350 алынды, екі  санитарлық автокөлік «Largus» маркалы Отырар ауруханасына тапсырылды.

  1. 2022 ж. заманауи үлгідегі Облыстық жедел жәрдем ғимараты  салынды.
  2. 2022 ж. жұмыс сапасын арттыру және жылдам қолжетімділік үшін Түркістан облысы бойынша аудандар мен қалалар  жедел жәрдем кіші бекетттерінде қосымша желілік бригадалар ашылды.

4.Қазақстан Республика Денсаулық сақтау Министрінің 2020 ж 30 қарашадағы №225 «Жедел медициналық жәрдем оның ішінде медициналық авияцияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы 19.01.2023ж. №11 өзгерістерінің күшіне енгеніне байланысты 2023 жылы арнайы  кардиологиялық және балалар бригадаларды ашудың орындалуын жоспарлануда.

5.2023-2024жж. аралығында жедел жәрдем медициналық  қызметкерлерінің сапалы көмек көрсету мақсатында біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу үшін шетелге оқыту жоспарлануда.

 

/category/news
Subscribe or follow our news on social networks
Error in the text? Please let us know. Highlight the error and press Ctrl + Enter

Last News

Yesterday
02 December
01 December
30 November
29 November