Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өсті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының алға қойған міндеттерінің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы – жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлеп, қажетіне қарай медициналық қызмет көрсетілетіндігінде.
Медициналық қызметті алу үшін сала мамандары жарналарды уақытылы төлеуге шақырады. 2024 жылы жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударымдар жүргізеді, ал азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмысшылар МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер 5 950 теңге, ал дербес төлеушілер 4 250 теңге мөлшерінде жарна төлейді. Жарнаны екінші деңгейлі банктердің кез-келген бөлімшесінде, соның ішінде мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар, «Қазпошта» АҚ, «Касса 24» және «Qiwi кошелек» секілді терминалдарды қолдануға болады. Жарна әр айдың 25-не дейін төленуі тиіс.
Мемлекет есебінен МӘМС жарнасы төленетіндер:
1) 18 жасқа дейінгі балалар;
2) Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар;
3) Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4) Үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға;
5) Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлға;
6) Мүгедек баланы күтіп-бағатын, жұмыс істемейтін адамдар;
7) Бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам;
Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
9) Қылмыстық-атқару жүйесінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
10) Тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар;
11) Жұмыс істемейтін қандастар;
12) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар; I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
13) Мүмкіндігі шектеулі жандар;
14) Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын тұлғалар;
15) Жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
Айта кетейік, егер төлемдер уақытында жасалмаса, азаматтың МӘМС жүйесі алдындағы қарызы жиналады. Қарыз төлемеген күндер санына байланысты өседі. Қайтадан сақтандырылған статусқа ие болу үшін өткен кезеңдердегі барлық қарыздарды толық төлеу керек.