АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшесі Амангелді Толамисов Қаратал ауданына қарасты Бастөбе ауылының дәрігерлік амбулаториясының ақ халаттыларымен кездесті. Жиында спикер Қазақстанның ядролық физикасыз алға ілгерілемейтінін, қазірдің өзінде медицина саласында әсіресе, елімізде қауіпті ауруларды емдейтін препараттардың сәулелі элементтердің көмегімен өндіріліп жатқанын тілге тиек етті.
– Ядролық физикасыз медицинаның болашағы жоқ. Мұны баршамыз түсінуіміз керек. Шыны керек, ядролық физика қауіптен гөрі, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге септесуде. Алматы қаласындағы Ядролық физика институты фармацевтикалық бұйымдар шығарады. Сол орталықта жұрт қауіпті деп білетін сәулелі элементтерден бірнеше дәрі өндіруде. Қазақстанда өндірілген өнімдер онкологиялық ауруларды емдеуде таптырмас дауа. Қазірдің өзінде институт қабырғасында шығарылған дәрмектер әлемнің 5 мемлекетіне экспортталуда. Осыдан кейін, сәулелі элементтер қауіпті деу қисынсыз, - деді А.Толамисов.
Спикер АЭС салудағы экономикалық мүмкіндіктерді тізбектей жөнелді. Айтуынша, бұрын Қазақстан ірі-ірі зауыттар саларда электр энергиясының мүмкіндігіне қарайлайтын. Ал АЭС салған соң, еш жалтақсыз өндірісті өрістетуге болады екен.
Амангелді Толамисов абзал жандарды экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын жобаны қолдауға шақырып, 6-қазанда дұрыс таңдау жасауға үндеді.