

1 сәуірде Сарқан қаласының маңындағы ауылдық жолдың жағасында бірнеше күн бойы хабар-ошарсыз жоғалғандар қатарындағы 58 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылды. Сот сарапшылары ер адамның басына оқ атып өлтіргенін анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сарқан ауданының полицейлері облыстық Департаменттің жедел қызметкерлерімен бірлесіп 22-23 жас аралығындағы екі күдіктіні анықтады. Екеуі де ұсталды.
«Кісі өлтіру тас жолда жасалғаны анықталды, оған жәбірленушінің алдындағы ақшалай қарыз және оның мүлкін тартып алу түрткі болған. Жәбірленушіден 20-дан астам қой мен ешкі ұрланған, олардың бір бөлігін сатып жіберген. Қазір ұрланған мал табылып, жәбірленушінің туыстарына қайтарылды. Сондай-ақ, ұсталғандардың бірінің бақшасында көмілген қос ауызды шолақ мылтық қылмыстық іс материалдарына тіркелді», - деді Жетісу облысы ПД КПБ бастығы Қайрат Журунов.
Іс бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 99-бабына (Кісі өлтіру) сәйкес жүргізілуде. Күдікті адамдар уақытша ұстау изоляторында қамауда.