Уақыт ағымына ілескен жас буын жылдам табысқа жетіп, атақ-даңққа қол жеткізуді армандайды. Алайда әр қоғамның іргетасы – жұрттың назарынан тыс, бірақ күнделікті өміріміздің тыныштығы мен үйлесімін қамтамасыз ететін мамандық иелерінің маңдай терімен қаланады. Солардың бірі – коммуналдық сала қызметкерлері. Олар таң сібірлеп атқанда да, түн қоюлана түскенде де, аптап ыстық пен сақылдаған сары аязға қарамай, қаланың тазалығы мен тәртібі үшін адал қызмет етіп келеді. Бұл – елеусіз көрінсе де, ел мүддесі үшін аса маңызды міндет.
Бұл мамандар – нағыз қаланың тынысын сақтап тұрған, бейбіт күннің беймәлім батырлары. Осы жандардың арқасында елордамыздың көшелері таза, аулалары жинақы, тұрғындардың өмірі жайлы өтуде.
Осы жауапты саланың алдыңғы шебінде жүрген кәсіпорындардың бірі – «Астана Тазалық» мекемесі. Ірі кәсіпорын екі мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып, түрлі қызметке арналған 400 техниканы қолданады. Бұл ұжымда Отан мен қоғам алдындағы парызын адал атқарып жүрген азаматтар көп. Солардың қатарында Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан жандар да бар. Солардың бірі – Бейсембек Қарабайұлы Нарынов.
Көкейінде туған жерге деген махаббаты мен азаматтық борышы қатар өрілген Бейсембек аға Қорғалжынның тумасы. Ауғанстанда әскери борышын өтеп, өмір мен өлімнің бел ортасында болған жан. Қанды қырғыннан аман оралғаннан кейін, елге қызмет етуді жалғастырып, 2001 жылы «Астана Тазалық» серіктестігіне жұмысқа орналасқан. Өмірінің жиырма төрт жылын жас қаламыздың көркеюіне арнаған адал азамат.
Бейсембек Қарабайұлы – көліктерді, техникаларды жөндеу жөніндегі слесарь. Бұл мамандық тек білім мен білікті ғана емес, күш-қайрат пен шыдамдылықты, нағыз ер азаматқа тән мінезді талап ететіні жасырын емес.
– Жазда да, қыста да жұмыс бірдей. Ауыр техника бұзылса, оны қалпына келтіру оңай емес. Бірақ мен бала күнімнен еңбекке жақын отбасында өстім. «Әке көрген от жонар», демекші техникаға деген сүйіспеншілік сол кезден басталды. Ауыр жұмыстан тартынбаймын. Тілсіз темірді жөндеу, әрине, оңайдың ісі емес, алайда сол техникаларды үздіксіз қызмет етуі біздің шеберлердің мойнында. Тек, өкінішке қарай, жастар мұндай іске жүрексіне қарайды. Қазір бәрі жылдам табыс тапқысы келеді. Бұл – жанымды сыздататыны рас – дейді Бейсембек Қарабайұлы.
Техника шебері тек өз ісімен шектеліп қалған жан емес, жас мамандарға жөн сілтеп, білгенін үйретіп жүрген тәлімгер. Бейсембек аға әріптестерінің арасында абыройлы жан. Олардың айтуынша, ардагер шебер сабыры мен ақылы, кәсіпқойлылығы мен адамгершілігі ұштасқан жан.
Осылайша, «Астана Тазалық» мамандары тазалық жұмыстармен шектелмей, қоғамда жақсы моральдық құндылықтарды насихаттап, жастарға үлгі болып келеді. Олардың адал еңбегі мен жанашырлығы қала тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдетіп, жайлы орта қалыптастыруда. Міне, осындай жандардың арқасында біздің қаламыз әрдайым таза, әдемі және жайлы.