Новости

Түркістанда балаларға күрделі нейрохирургиялық операциялар жасау мүмкіндігі артты

05 May, 11:51
1 mins read
238
Түркістанда балаларға күрделі нейрохирургиялық операциялар жасау мүмкіндігі артты
МӘМС

Түркістан облыстық балалар ауруханасында жүйке жүйесінің туа біткен ақауларын хирургиялық емдеуге арналған шеберлік сағаты (мастер-класс) ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында краниосиностоз диагнозы бар балаларға пластиналарды қолдану арқылы реконструктивті краниофациалдық операциялар жасалды. Бұл – бас сүйек тігістерінің мерзімінен бұрын бітуіне байланысты туындайтын күрделі патологияны түзетуге бағытталған жоғары технологиялық хирургиялық әдіс.

Мастер-классты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар нейрохирургі, Ұлттық нейрохирургия орталығы АҚ балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғабит Өлеңбай өткізді.

Мамандардың айтуынша, краниосиностоз – бас сүйек тігістерінің ерте жабылуымен сипатталатын туа біткен ақау. Оның пайда болуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін:

  • генетикалық бейімділік;

  • жүктілік кезінде ананың вирустық немесе инфекциялық аурулармен ауыруы;

  • ұрықтың даму кезеңіндегі бұзылыстар;

  • кейбір дәрілік препараттардың немесе сыртқы факторлардың әсері.

Аталған дерт дер кезінде емделмесе, баланың миының қалыпты дамуына кедергі келтіріп, бас сүйек пішінінің өзгеруіне және неврологиялық асқынуларға әкелуі мүмкін.

Мастер-класс аясында жергілікті дәрігерлер күрделі операцияларды орындау бойынша тәжірибе алмасып, заманауи әдістерді меңгерді.

Енді мұндай жоғары технологиялық нейрохирургиялық операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында облыстық балалар ауруханасы деңгейінде қолжетімді болады.

Бұл өз кезегінде өңірдегі балаларға мамандандырылған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

a1b4c83a-b7c8-4e00-84cc-c1ed6b386742.webp

Subscribe or follow our news on social networks
Error in the text? Please let us know. Highlight the error and press Ctrl + Enter