Бүгінде медицинаның басты бағыты – инновация мен тиімділікті үйлестіру. Түркістан қалалық орталық ауруханасында осы қағидат нақты іске асырылып келеді. Күрделі асқынулары бар пациенттерге заманауи миниинвазивті әдістер қолданылып, бұрын тек ірі орталықтарда ғана жасалатын оталар енді өңірімізде қолжетімді болып отыр.
Жақында ауруханаға 1980 жылы туған науқас ауыр жағдайда жеткізілді. Диагнозы – өт-тас ауруы, жедел калькулезді өт қабының қабынуы, холедохолитиаз, холангит, механикалық сарғаю. Бұған дейін бірнеше медициналық мекемеде ем қабылдағанына қарамастан, дерт асқынып, жағдайы күрделене түскен. Пациенттің басты шағымдары – сарғаю, әлсіздік, іштің қатты ауырсынуы еді. Зертханалық талдаулар да биохимиялық көрсеткіштердің аса қауіпті деңгейге жеткенін көрсетті.
Дәрігерлер шұғыл шешім қабылдап, облыстық клиникалық ауруханасының маманымен бірлесе тері арқылы бауыр ішілік өт жолдарына түтік қою операциясын жасады. Бұл – жоғары дәлдікті талап ететін, күрделі, бірақ тиімді әдіс. Нәтижесінде өттің ағуы қалпына келіп, бауыр көрсеткіштері жақсарып, пациент қысқа мерзімде сауығып шықты.
Айта кетерлігі, бұл операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында пациентке тегін жүргізілді.
Түркістан қалалық орталық ауруханасының тәжірибелі дәрігерлері күрделі медициналық жағдайларды өңірде-ақ шешуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, пациенттерге сапалы әрі уақтылы ем алуға жол ашатын маңызды жетістік.