

Түркістан қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің орындалу барысына арналған жұмыс мәжілісі өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол төрағалық етті.
Кездесу барысында қала бойынша МӘМС жарналары мен төлемдерінің уақтылы төленбеуі, сақтандырылмаған азаматтардың үлесі, халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын күшейту, білім беру мекемелері мен жұмыспен қамту орталықтарындағы түсіндіру шараларын жүйелеу қажеттілігі талқыланды. Сонымен қатар, жеке медициналық ұйымдардың сақтандырылмаған азаматтарға қызмет көрсету тәртібі және деректерді нақтылау мәселелері көтерілді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Л.Сапарбекова Мемлекет басшысының МӘМС жүйесін жаңғыртуға қатысты тапсырмасына сәйкес заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы баяндады. Атап айтқанда, ТМККК және МӘМС пакеттері қайта қаралғаны, жергілікті бюджет есебінен D және E санатындағы азаматтар мен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары төленетіні, шартты сақтандырылған мәртебенің 3 айдан 6 айға дейін ұзартылғаны, сондай-ақ жарна төлемдеріне қатысты өзгерістер түсіндірілді.
Бұдан кейін Түркістан қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары А.Сапаров аула аралау барысында МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындарға жүргізілген талдау нәтижелерімен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары А.Бекбол жауапты бөлімдерге халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сақтандырылмаған азаматтардың нақты тізімін қалыптастырып, олардың мәртебесін реттеу бойынша нақты шаралар қабылдауды және білім беру ұйымдарында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тұрақты форматқа енгізуді тапсырды.
Мәжіліс барысында көтерілген мәселелерді шешу мақсатында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, ішкі саясат, жастар саясаты, денсаулық сақтау салаларының өкілдеріне, мемлекеттік кірістер және құқық қорғау органдарына, сондай-ақ медициналық ұйым басшыларына нақты міндеттер жүктелді.