

Дала өртінің алдын алу мақсатында брифинг өткізілді
2023 жылдың 21 тамызында Өңірлік коммуникациялар қызметінде орман қорындағы өрттің алдын алу мақсатында брифинг өткізілді.
Брифингтің тақырыбы: «Орман қорындағы өрттің, дала өртінің алдын алу».
Спикер: Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Нұрсұлтан Ибрагимов.
Н.Ибрагимов: «Облыс аумағында орман қорында көлемі 103,4 га. құрайтын, 23 өрт оқиғасытіркелді. Орман қоры аумағында орын алған өрттен қаза болғандар мен жарақат алғандар болған жоқ.
Жалпы өңірде 6867 шақырымға минералды жолақтарды жүргізу жоспарланған және қазіргі таңда аталмыш жұмыс аяқталуға таяу.
Далалы және тоғайлы алқаптарда табиғи өрттің алдын алу бағытында азаматтық қорғау органдары қызметкерлері тарапынан ауылдық округ әкімдері, орман шаруашылығы қызметкерлері, шаруа қожалығы иелерімен бірлесіп, түрлі іс-шараларұйымдастырылды.
Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі, орман шаруашылығымен бірлесіп, құрамында 64 адамы бар 13 мобильді топты құрды. Бүгінге дейін мобильді топ 286 рейд өткізді. Рейд барысында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 367-бабына сәйкес 6 тұлғаға айыппұл салынды.
Облыс бойынша өрт қауіпті учаскелерде кезекшілік ұйымдастырылып, 50 дана билборд орнатылды.
Өрт қауіпті кезеңге дайындықты пысықтау мақсатында 16 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Облыс бойынша елді-мекендерде 1 820 адамы бар 137 ерікті өртке қарсы құралым құрылды. Ерікті өртке қарсы құралымдарының 359 арнайы техникасы, 11 өрт сөндіру автокөлігі және 22 дана мотопомасы бар.»
Брифингтің соңында спикер журналистердің сұрақтарына да жауап берді.
Қызылорда облысы ТЖД