«Хабар» телеарнасы «The Voice Қазақстан» музыкалық шоу тележобасын бастайды. Әлемдік аренада көрермен көзайымына айналған бұл жоба енді ұлттық форматта – қазақстандық жұлдыздардың, дара таланттардың мүмкіндіктерін ұсынбақ.
«The Voice Қазақстан» тележобасына онлайн-кастинг ресми түрде ашық деп жариялаймыз. Қатысқысы келетін үміткерлер Telegram желісіндегі @castingKzBot ботына тіркеліп, өз орындауындағы бейнежазбасын жолдай алады. Жобаға 16 мен 59 жас аралығындағы әншілер мен дуэттер қатыса алады.
Кімнің қай жерде ән айтқаны маңызды емес –үлкен сахна немесе караоке болсын, тіпті, үйде болса да – бастысы тыңдарманды бірден баурап алатын таланты мен харизмасы болуы шарт. Ал олардың өнері мен дарынын кәсіби тәлімгерлер бағалайтын болады.
Жобадағы жұлдызды тәлімгерлер құрамы да көпшіліктің көзайымына айналған, өнерімен ел ішінде беделі артқан тұлғалар.
Мейрамбек Бесбаев – көрерменнің жүрегін жұмсақ үні, сырлы әндерімен баураған өнер иесі, танымал әндердің орындаушысы.
Баян Алагөзова – қазақ эстрадасында жаңа есімдерді танытып жүрген, жарқын музыкалық жобалардың бастамашысы әрі табысты продюсер.
Бағым Мұхитденова – үздік әншілерді сахнаға шығарған, музыкалық түйсігі мен талғамы ерекше кәсіби маман.
Байғали Серкебаев – есімі ТМД аумағына белгілі музыкант, әйгілі «A’Studio» тобының жетекшісі, композитор.
TURAR – жастардың үніне айналған заманауи орындаушы, музыкалық трендтерді дөп басатын жас дарын.
Іріктеу кезеңіндегі басты ерекшелік – «көрмей тыңдау». Тәлімгерлер үміткердің тек даусын ғана тыңдап, өзін көрмей шешім қабылдайды. Мұндай тәсіл – әділ таңдау жасауға әрі өнерпаздың музыкалық әлеуетті шынайы бағалауға мүмкіндік береді.
«The Voice Қазақстан» – бұл жай ғана әлемге танымал жобаның нұсқасы емес, бұл қазақстандық орындаушыларға арналған жаңа сахна, жас таланттарға жол ашатын үлкен мүмкіндік. «Хабар» Агенттігі бұған дейін де отандық өнерді қолдап, жас дарындарға жол ашып келді. Біз бұл жоба арқылы елімізде ғана емес, әлем сахналарында өнер көрсететін ерекше дауыс иелерін табатынымызға сенеміз», – деді «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.
«The Voice Қазақстан» – әлемдегі ең рейтингі жоғары музыкалық шоулардың бірі. Алдағы күзде бұл жоба қазақстандық көрерменге тың серпінмен, жаңа тыныспен жол тартпақ. Бұл шоу жарқын есімдерге айналар болашақ жұлдыздардың ұстаханасы, көрермен үшін – жаңа өнер иелерін ашуға себеп болмақ.
Жаңалықтардан құр қалмау үшін «Хабар» агенттігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын бақылап отырыңыз. Алда жарқын жаңалықтар мен сүйінші хабарлар көп болады .
«The Voice» – әлемнің 180-нен астам елінде сәтті жүзеге асқан халықаралық музыкалық тележоба. Бұл шоуда жүздеген әнші үлкен сахнаға жолдама алып, миллиондаған көрерменнің сүйіктісіне айналды. Биылғы күзде бұл ауқымды жоба «Хабар» телеарнасы арқылы қазақстандық көрерменге жол тартады.