

Тәуелсіз елдің азаматы болу бақыты
1991 жыл - еліміздің тәуелсіздік алған жылы. Сол сәттен бері міне 32 жылдан асып барады. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы - қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар.
Ғафур да егемендік алған уақытта дүние есігін ашып, жетіліп келе жатқан азамат. Ол 1991 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жалағаш кентінде дүниеге келді. Әкесі – Әли Каюпов аудандағы Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімде қызметкер, анасы – Күміскүл аудандағы телекоммуникация торабында АТС инженері болып еңбек етуде. Отбасында Алтынай, Қырмызы есімді әпкелері мен Әділбек атты ағасының қамқоршылдығына бөленген кенжесі болды. 2008 жылы №201 орта мектептің 10 сыныбын тәмамдап, оқуын одан әрі жалғастыру үшін Алматы Мемлекеттік Энергетика және электронды технологиялар колледжіне оқуға түседі. 2012 жылы техник-электроник біліктілігін алып шықты. 2013 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша 2017 жылы Беларусь Республикасының ТЖМ Азаматтық қорғау Университетін жақсы бағамен бітірді. Бітірген жылы Қызылорда облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөліміне аға инженер лауазымына тағайындалды.
Оқу барысында өзін тәртібі және білімі деңгейінің, еңбекшілдігін көрсете біліп, өзге елдегі курстастарынан қалып қоймай, намысын қамшылап, олардан да озат көрінген тұстары бар. Сабақ пен оқу-жаттығуда ғана белсенділік танытпай, сонымен бірге, мәдени-қоғамдық іс-шараларға да атсалыса білді. Жоғарғы оқу орындары арасындағы ұлттық-мәдени фестивальдарына, Минскідегі «Қазақстанның мәдени күндері» іс-шарасына қатысты. Осындай игі істерінің арқасында бірнеше рет институт басшылығының алғыс хаттарына ие болды. «Беларусь Республикасы ТЖМ Командалық-инженерлік институтына 80 жыл» естелік кеуде белгісімен марапатталды. 2015 жылы университеттеоқып жатқан шет ел студенттерінің арасында үстел теннисі сайысында 1 орынды иеленді. Танымал режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты фильмінің Беларусияда түсірілген картинасында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы сарбаздың ролін сомдау үшін қосымша эпизодтағы ролді ойнау бақыты бұйырды. Мұның бәрі қарапайым курсант үшін үлкен мотивация болатын. «Беларусиядағы менің курсанттықшақтарым – мен үшін айта беретін қызықты оқиғалар қатары сияқты.»-дейді ол өз сөзінде.
Ғафур тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы біледі. Ол былай дейді: «Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Бұл күнге дейін жеткен оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихымызда қалатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде ызғарлы Желтоқсан оқиғасының да септігі аз болған жоқ. Оны ұмытпауымыз керек. Желтоқсан оқиғасы ел тәуелсіздігіне жасалған қадамның бірі еді. Қазіргі таңда Тәуелсіздіктің арқасында еліміз ынтымақтастық пен татулықты ту етіп отыр. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі - ең алдымен халқымыздың бақыты. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның басты бағыты болуы тиіс. Мен де өз мамандығым бойынша елдің қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етемін».
Ғафур Әлиұлы отбасылы, жұбайы Гүләйіммен бірге Альбина және Айсұлтан атты балалардың ата-анасы. 2023 жылы Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау университетінде білімін арттырып, «Төтенше жағдайларды жою және азаматтық қорғаныс» саласы бойынша «магистр» дәрежесін иеленді. Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері капитан Ғафур Ақмырзаев қызметте де абыройға ие.
Иә, біздің кең байтақ еліміздің болашағы жарқын болсын деген арман - еліміздің әрбір азаматының тілегі.Еліміз өзге мемлекеттермен терезесі тең дәрежедеболуы үшін кейінгі буын еңбек етуден, білім алудан еш жалықпауы керек. Өйткені, кемел келешек пен елдің болашағы да олардың қолында.
Айгүл Нұрманова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі