

Түркістан қалалық орталық ауруханасында соңғы үш жыл ішінде жүрек ауруларын емдеуге бағытталған жоғары технологиялық операциялар тұрақты түрде және сәтті жүзеге асырылып келеді.
Бұл бағыттағы ең маңызды медициналық көмектердің бірі – ауыр жүрек ырғағы бұзылысы бар науқастарға кардиовертер-дефибриллятор имплантациялау отасы. Бұл құрылғы жүрек соғысы кенеттен бұзылған жағдайда оны қалыпқа келтіруге көмектесіп, науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Барлық операциялар аурухананың интервенциялық кардиология бөлімінде тәжірибелі мамандардың қатысуымен және халықаралық медициналық стандарттарға сай жүргізіледі. Бөлім жұмысын интервенциялық кардиология бөлімінің меңгерушісі Б.Усманов басқарады.
Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі оталардың өңірде жасалуы – жүрек-қан тамыр аурулары бар науқастар үшін үлкен мүмкіндік. Енді тұрғындар ем алу үшін алыс қалаларға бармай-ақ, өз өңірінде жоғары деңгейлі медициналық көмекке қол жеткізе алады.
Айта кету керек, аталған жоғары технологиялық медициналық қызметтер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында толықтай тегін көрсетіледі. Бұл пациенттердің қаржылық жүктемесін азайтып, заманауи ем алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Сонымен қатар, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен аурухана әкімшілігінің қолдауымен аурухана материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде.
Нәтижесінде өңір тұрғындары үшін сапалы, заманауи және қолжетімді кардиологиялық көмек көрсету деңгейі артып келеді.