Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында үшінші рет бауыр трансплантациясы сәтті орындалды.
Күрделі отаны Болатбек Баймаханов жетекшілік ететін А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мамандары мен өңірлік дәрігерлер бірлесіп жүргізді.
Бауыр трансплантациясы – хирургия саласындағы ең күрделі әрі жоғары дәлдікті талап ететін операциялардың бірі.
41 жастағы науқасқа бауыр циррозы, портальды гипертензия, өңеш веналарының варикоздық кеңеюі (1-дәрежесі), спленомегалия, екіншілік цитопения және қалқанша безінің диффузды токсикалық зобы диагноздары қойылған. Науқас шамамен жарты жыл бойы ем қабылдағанымен, ауру асқынып, жағдайы нашарлаған.
Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, бауыр трансплантациясы пациенттің өмірін сақтап қалудың жалғыз тиімді жолы ретінде қарастырылды.
Науқастың 20 жастағы туған қарындасы өз еркімен донор болуға келісім беріп, толық медициналық тексеруден өтті. Қарсы көрсетілімдер анықталған жоқ.
Ота А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының мамандарынан құралған бірлескен командамен сәтті жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда науқас дәрігерлердің динамикалық бақылауында. Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтуде, трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп тұрақтануда.
Айта кету керек, мұндай жоғары технологиялық медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында қолжетімді. Бұл күрделі диагнозы бар пациенттерге өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының дәрігерлері жоғары технологиялық операцияларды сәтті орындап, өңір медицинасының сапасын жаңа деңгейге көтеріп келеді.