

«Астана Тазалық» ЖШС енгізіп жатқан цифрлық технологиялар елімізде ғана емес, шетелдік әріптестер тарапынан да үлкен қызығушылыққа ие болуда. Тәжірибе алмасу мақсатында елордаға Қырғыз Республикасының Бішкек қаласынан келген делегация кәсіпорынның жұмысымен және заманауи шешімдерімен танысты.
Ұсынылған жүйелердің негізгісі – электронды жолпарағы. Бұл арнайы техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін тиімді құрал. Жүйе арқылы техниканың қозғалыс бағыттары, орындалған жұмыс көлемі және материалдар шығыны толық қадағаланады.

«Астана Тазалық» ЖШС-нің бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, цифрландыру – кәсіпорын дамуының басты стратегиялық бағыты: «Қазіргі таңда цифрлық шешімдер тек бақылау құралы ғана емес, тиімді басқарудың негізіне айналды. Олар процестердің ашықтығын арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалануға және қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол. Бүгінде жүйе 393 арнайы техникаға енгізіліп, нақты нәтижелер беруде:
Есептілікті автоматтандыру:
− жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарды;
− медициналық тексеруде адам факторы жойылып, техниканы желіге шығару қауіпсіздігі артты;
Жанар-жағармай шығынын бақылау:
− отын деңгейін бақылау датчиктері мен бос жүрістіесепке алу арқылы жыл сайын 10%-ға дейін үнемделеді;
− техниканы мақсатсыз пайдалану дерлік жойылды;
Жұмыс тиімділігін арттыру:
− нақты уақыттағы деректердің арқасында басқарушылық шешім қабылдау 15%-ға жеделдеді;
− «өтінім – орындау – акт» тізбегінің ашықтығы тәртіпті күшейтіп, даулы жағдайларды азайтты.
Жобаға деген қызығушылық артып келеді. Бұған дейін жүйені Алматы қаласының коммуналдық қызмет өкілдері зерделеп, қазіргі таңда енгізу жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, жолдарды күтіп-ұстауға жауапты«ҚажСервис» ЖШС бұл жүйені белсенді түрде енгізуде. Бұдан бөлек, бірқатар облыс әкімдіктерімен және елорданың коммуналдық кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізілуде.
Қызметкерлердің қауіпсіздігі де басты назарда. Кәсіпорында «Med365» және «Adal Check» жүйелері қолданылып, күнделікті медициналық тексерулер онлайн режимде бақыланады.
Сондай-ақ, арнайы техника жүргізушінің жағдайын бақылау жүйесімен жабдықталған. Камералар қауіпсіздік талаптарының сақталуын, маршруттан ауытқуды және шаршау белгілерін анықтап, ықтимал қауіптер туралы жедел ескерту жасайды.
«Астана Тазалық» ЖШС цифрлық шешімдерді енгізудіжалғастыра отырып, коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың заманауи әрі тиімді үлгісін қалыптастыруда.
«Астана Тазалық» ЖШС баспасөз қызметі