Елорданың экологиялық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі –санитарлық тазалықты күшейту және коммуналдық қызметтердің ашықтығы – осы іс-шараның басты арқауына айналды.
Ауқымды шараға БАҚ өкілдерімен қатар, экологтар, блогерлер, қоғам белсенділері қатысты. Қатысушыларға қаланың санитарлық деңгейін сақтауға көмектесетін заманауи техника таныстырылып, кәсіпорынның өндірістік нысаны бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ салалық мамандар шара қонақтарымен пікір алмасты.
Астана – қарқынды дамып жатқан заманауи мегаполис. Мұнда күн сайын ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асырылады, инфрақұрылым жаңғыртылып, көлік саны артуда. Бұл – қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктеменің артуына әкеліп отыр. Қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың экологиялық санасы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Әсіресе, құрылыс алаңдары, өнеркәсіптік нысандар мен жүктемесі жоғары магистральдар маңында жағдай күрделі.
Бір күн көше тазаланбаса не болады?
Баспасөз туры аясында «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағынов елорданың тазалық мәдениетін ашық көрсету мақсатында тәжірибе өткізілгенін мәлімдеді:
– «Блогер Батыржанның өтініші бойынша қаланың экологиялық ахуалын нақты көрсету үшін шағын, бірақ маңызды тәжірибе жүргіздік. Қаладағы басты көшелердің бірі – Керей-Жәнібек көшесінен Мәңгілік ел даңғылындағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына дейінгі аралық бір күн бойы әдейі тазаланбады», – деді ол. Жиналған деректер қаладағы тазалық мәдениетінің нақты көрінісіне айналып, қоғамда орынды алаңдаушылық тудырды.
− Темекі тұқылы – 6 112 дана
− Алюминий банкалар – 658 дана
− Банан қабықтары – 78 дана
− Қағаз қалдықтары – 343 дана
− Балмұздақ орамалары – 436 дана.
Бұл көрсеткіш тұрмыстық ластанудың ауқымын ғана емес, сонымен қатар қалалық өмір салтында қалыптасып қалған мәдени дағдыларды да айқын аңғартады. Әсіресе, темекі тұқылдарының басым болуы – ерекше алаңдатарлық жайт. Олар қалакелбетіне кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығына да тікелей қауіп төндіретін, көшедегі ең кең таралған қоқыс түріне айналып отыр.
Замир Сағыновтың айтуынша, бұл тәжірибе тұрғындардың өз қаласына деген көзқарасы өзгермейінше, коммуналдық қызметтің жүйелі жұмысы да ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізбейтінінің дәлелі.
Баспасөз туры аясында «Астана Тазалық» пен Кәсіби технологиялар колледжі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат – санитарлық қызмет пен қаланы абаттандыру саласына жаңа мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам. Алғаш рет колледж студенттеріне Кәсіпорын базасында ақылы өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі ұсынылды. Алдағы уақытта бұл бағдарлама кеңейтіліп, осындай мүмкіндік басқа да оқу орындарының студенттеріне берілмек.
Қатысушылар сондай-ақ компанияның цифрлық бақылау жүйесімен танысты. Техникалық бақылау бөлімінің басшысы Дастан Мусабековтің айтуынша, барлық техникаларға орнатылған жаңа буын GPS-навигациялар арнайы машиналардың қозғалысын да, жүргізушілердің тәртібін де нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді.
«Қазіргі жүйе техниканың қай жерде екенін ғана емес, жүргізушінің маршруттан ауытқуын, ұзақ тұрып қалуын немесе тіпті ұйықтап кеткенін де тіркейді. Мұндай технологиялар тәртіп пен қауіпсіздікті арттырып, жұмыстың сапасын да жақсартады», – деді Д. Мусабеков.