Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет екенін жақсы білеміз. Ал осы міндеттің мінсіз атқарылуы тікелей мемлекеттік қызметшіге байланысты. Мемлекет пен халық арасына алтын көпір орнататын мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметке іріктеу жауапты әрі маңызды жұмыс. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ.
Мемлекеттік қызметке іріктеу, қабылдау процесін толық цифрландыру мақсатында «Е-қызмет» жүйесінің жаңғыртылғандығын ерекше атап өткеніміз жөн. Себебі бұл жүйе мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатты. Енді өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы, заң бұзушылықтарға қатысы бар я жоғын анықтау, тексеру, үміткердің конкурс талаптарына сай келуінің барлығын жүйе автоматты түрде өзі жасайды.
Сонымен қатар, «Eqyzmet.gov.kz» жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке орналасу бойынша өткізілетін конкурстық рәсімнің әңгімелесуден басқа барлық кезеңі қашықтан яғни, онлайн өткізіледі. Бұл дегеніміз, мемлекеттік қызметке үміткер еліміздің болмаса дүние жүзінің қай өңірінде жүрсе де аталған конкурсқа қатыса алады деген сөз.
Мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу жүйесінің бір ерекшелігі – іріктеу кезеңдерінен өту кезінде анонимділікті қамтамасыз ету үшін әрбір жеке тұлғаға ID нөмір беріледі. Сол арқылы конкурстың шынайы, әділ, ашық өтетіндігін тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етіп отырады. Мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу жүйесінің форматына сәйкес, конкурс қорытындыларын ақпараттық жүйе дербес шығарады. Тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны бұрын 9 болса, қазір 4-ке дейін қысқарды.
Іріктеу жеке қасиеттерді, мәтіндік және сандық ақпаратпен (SHL) жұмыс істеу қабілетін бағалау, эссе жазу, мемлекеттік органның конкурстық комиссиясында әңгімелесу кезеңдері толығымен жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, пилоттық жобаның тағы бір ерекшелігіне тоқтала кетсек. Ол – тестілеу мен эссе жазу кезеңдерінде үміткерлердің тәртіпті сақтауын прокторинг (веб камера) қамтамасыз ететіндігі. Конкурстың іріктеу кезеңінде ең төмен бал алған үміткерді жүйе автоматты түрде бірден шығарып тастайды. Ал үздік деп танылған 3 үміткер пилоттық орган сарапшылары комиссиясының әңгімелесу кезеңіне жолдама алады. Сарапшылар комиссиясы алдын ала қалыптастырылатын мемлекеттік органның өкілдерінен, тәуелсіз бағалаушылардан тұрады.
Жалпы, пилоттық жоба 1 наурыздан бастап 31 желтоқсан аралығында Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінде, Индустрия және инфрақұрылымдылық даму, Сауда және интеграция министрліктерінде және Ақмола, Шымкент қаласының әкімдіктерінде өтетін болады.
Пилоттық жобаның жаңа іріктеу тәсілінде үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білу тестілеуінен өтеді. Ол үшін үміткерлер «eqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет-порталында төрт заң бойынша және мемлекеттік тілді білу тестілеуінен бір күн, яғни кез келген уақытта (24 сағат) бойынша өту мүмкіндігіне ие.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің уақытша қағидалары бойынша үміткерлерге Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі тарапынан арнайы көмекші құрал ретінде жадынама әзірленді. Аталған көмекші құралда конкурсқа қатысудың қадамдары, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеу бағдарламасы, іріктеу және конкурс кезеңдерінің сипаттамасы толықтай көрсетілген. Ең бастысы – әрбір үміткер ана тілін жетік білетін саналы, білімді, білікті, еліне адал қызмет ететін тұлға болса болғаны.
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істер Агенттігінің
Жетісу облысы бойынша Департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының
бас маманы А.Жаксылыкова