Туберкулез емделеді, бірақ ем қабылдау ұзақ уақытқа созылады. Ауру жұқпалы болғандықтан, өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын қорғау үшін аурудың алдын алу шараларын естен шығармаған жөн. Жалпы, туберкулезден сақтану үшін ем шарларды тұрақты алып жүрген науқас оқиғасын бөлісуді жөн көрдік.
- Мен Шардара қаласында тұрамын, балық аулаумен айналысамын. Қыста күн салқындығына қарамастан, балық аулауға шығып жүрдім. Желтоқсан айының соңында күн сайын дене қызуым көтеріліп, 37,5-37,8 градус болып жүрді. Темекі шегіп, ішімдікке де әуестігім бар болатын. Осы да ауруға себеп болды деп ойлаймын. Ал ақпан айында 40 градусқа дейін дене қызуы көтеріліп, қандай дәрі ішсем де түспеді. 4 айға жуық дене қызуы түспеген соң, дәрігерге бардым. Оған дейін өзім ішкен дәрімен басылады деп ойлап жүрдім. Дәрігер менің шағымымды тыңдап, бірден рентгенге түсірді. Қақырықтан анализ алды. Нәтижесінде туберкулез оң көрсетіп, «Облыстық фтизиопульмонология орталығына» екі өкпең де қабынған, бір өкпең ыдырып, тесілген деп ем алуға жатқызды. 3 айдан бері осында ем қабылдап жатырмын. Кеше ғана ренгтенге түсіп, өкпе тесігі кішірейген соң, енді үй жағдайында емделуге шығатын болдым. Дене қызуы ғана болған соң, мен «туберкулезбен ауырдым-ау» деп ойлаған жоқпын. Бұрын туберкулезбен ауырған адам жаныңда жүрсе жұғады деп ойлайтынмын. Менің жағдайымда айналамда туберкулезбен ауырған немесе үнемі жөтеліп жүрген адам болған жоқ. Ем-шара нәтижесінде ауыруымнан айығып, отбасыммен қауышатыныма қуаныштымын. Енді ауру қайталанбас, әрі жақындарыма жұқпас үшін үйге барғанда дәрілерді уақтылы қабылдап, дәрігерлердің кеңесімен жүріп, денсаулығымды күтемін. Денсаулығымның жақсаруыма қолқабыс көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдіремін – деді, науқас.
Туберкулезбен ауыратын пациенттер ТМККК шеңберінде және МӘМС пакеті бойынша амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен тегін қамтамасыз етіледі. Науқастарға туберкулезге қарсы дәрілер тегін таратылады. Сондай-ақ, дәрілерді уақтылы қабылдау үнемі фтизиатрдың бақылауында болады.