Мемлекет басшысы ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында ұлт саулығына басымдық беріп, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды.
Бұл орайда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде емдеу, алдын алу ұйымдарының заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы маңызды. Бүгінде медицина сәт сайын дамып жатыр. Ауруды емдеудің түрлі заманауи әдіс-тәсілдері енгізіліп, дәл диагноз қоюға мол мүмкіндік беретін қуатты құрылғылар шығарылуда. Тек тілін тап та, қалағаныңша қолдана бер! Қазіргі кең қолданыстағы МРТ, КТ аппараттары, жылжымалы медициналық кешендер – сол техника жетістігі. Әсіресе, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың денсаулығын қорғауда, ауруды ерте анықтауда жылжымалы медициналық кешеннің (ЖМК) маңызы зор.
Жалпы Қазығұрт ауданында 14 ауылдық округ бар. Мұнда аудандық аурухана 3, дәрігерлік амбулатория- 10, фельдшерлік бекет- 25 медициналық бекет-16 ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Барлық ауыл тұрғындарын қамту үшін жылжымалы медициналық кешен жыл сайын ауданның әрбір ауылдық округіне 5-6 рет барады. Оған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 134 555 696,1 теңге қаражат бөлді.
Осы ретте, Қазығұрт ауданына қарасты Алтын төбе ауылында ЖМК мамандары науқастарды жолдамасыз қабылдап, диспансерлік есепке алды.
Ауылда таңертеңнен бастап пациенттерді қабылдау дәрігерлік амбулаторияда және жылжымалы медициналық кешенде жүргізілді. Бұл күні 1028 ауыл тұрғыны дәрігерлік кеңес алды. Олардың қатарында ересектер, туу жасындағы әйелдер де бар.
-Жүрек мазалайды. Кардиологтан кеңес алдым, зертханалық және диагностикалық тексерулерге жіберді, содан кейін күндізгі стационарда ем аламын. Бүгінгі шараға қуанып қалдық. Жиі ұйымдастырылып тұрса жақсы болар еді, барлық маман ауылымызға келіп жатыр, әйтпесе аудан орталығына бару үшін қаншама уақытымыз кетеді, – дейді, тұрғын Абрасил Сарсенкулов.
Пациенттерді терапевт, офтальмолог, оториноларинголог, гинеколог, хирург, кардиолог, невропатолог, стоматолог, эндокринолог, психолог, фтизиатр, рентген зертханашысы және басқа мамандар қабылдайды. Қажет болған жағдайда науқас кардиограмма, УДЗ, скринингтік тексерулерден өтіп, дәрігерлерден кеңес алады және ауруханаға жатқызуға, жеке медициналық мекемелерде емделуге жолдамалар беріледі.
- Ауыл тұрғындарының көбі – жасы келіп қалған адамдар, аналар мен балалар. Олардың қалаға шығуы кейде қиындық туғызады, сондықтан біздің ауылға келген осы жылжымалы медициналық көмекке қаралып, әр түрлі мамандардың жәрдемін алып жатыр. Жыл басынан бері жылжымалы медициналық кешен арқылы ауданның 20351 тұрғыны мамандардан кеңес алды. Оның ішінде, 586 алғаш рет түрлі аурулар анықталды. Жүрек-қан тамыр, эндокриндік аурулар, глаукома және басқалар. Балалардың арасында көбінесе темір тапшылығы анемиясы анықталады, – дейді, Қазығұрт аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айкүл Күзенбайқызы.