NewsHub.kz - Информационный хаб

Жеңілдік санаттарға уақытша статус беру тәртібі

05 сент. 2023, 06:59
8 мин. чтения
780
Жеңілдік санаттарға уақытша статус беру тәртібі
МӘМС

Медициналық  сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері үш жыл өтті. Жүйеге қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді. Жалпы, МӘМС жүйесіне қатысушылардың ішінде мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдік санаттар бар. Осы санаттардың жеңілдікке ие болуы және санаттан шығып қалған жағдай уақытша мәртебе беру тәртібі бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының уақытша міндетін атқарушы Бағлан Тілектеспен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

-МӘМС жүйесіне кім жарна төлеуден босатылады және азаматтардың 15 жеңілдік санатының қатарына кіру үшін қайда өтініш беру керек?

 

-2023 жылы мемлекет 15 жеңілдікті санаттағы әрбір азамат үшін ай сайын 4 505,6 теңге көлемінде жарна төлейді.

Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие 15 санат қатарына кімдер және қалай кіреді:

1) 18 жасқа дейінгі балалар. Балаға туу туралы куәлігі табысталған, яғни жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) берілген уақыттан бастап «сақтандырылған» болып саналады.

2) Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар. Мұндай мәртебе алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде ресми тіркелу қажет.

3) Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер. Аталған жеңілдік санатына ену үшін әйел тіркелген емханада жүктілігі бойынша уақтылы есепке тұруға тиіс. Соңғы 2 айда ол үшін зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы шарт. Жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген және өз қызметін тоқтатпаған әйелдер, сондай-ақ БЖТ төлейтін әйелдер жұмыс істейтін болып саналады және жеңілдік санатына енгізілмейді.

4) Үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға. Бұл санаттағылар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады. Бірақ ресми түрде жұмыс істемеуі және де олардың атына соңғы 2 айда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жасалмаған болуы керек.

5) Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы жұмыс істемейтін тұлға. Олар демалысқа ресми түрде шыққан кезде «сақтандырылған» мәртебесін алады.

6) Мүгедек баланы күтіп-бағатын, жұмыс істемейтін адамдар. Баланың тиісті құжаттарын дайындаған кезде күтім жасайтын тұлғаның мәліметтері дерекқорға енгізіледі. Кейін автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесін иеленеді.

7) Бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам. Мүмкіндігі шектеулі жанның тиісті құжаттарын дайындаған кезде күтім жасайтын тұлғаның мәліметтері дерекқорға енгізіледі.Мұнан соң, күтушіге «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.

8) Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Бұл жерде мемлекеттен сақтандырылғандардың тізіміне Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы алатындардың ғана енгізілгенін атап өту қажет. Зейнетақыны әлі ресми түрде рәсімдемеген адамдар және басқа мемлекеттерден зейнетақы алатын адамдар жеңілдік мәртебесін ала алмайды.

9) Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар. Бұл жеңілдік санатына ену үшін қамаудағы мекеменің жауапты қызметкері жазасын өтеуші адамның деректерін ақпараттық жүйеге енгізуі қажет.

10) Тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар. Бұл санаттағы жандар туралы мәліметті уәкілетті органның қызметкерлері жүйеге енгізеді.

11) Жұмыс істемейтін қандастар. «Қандас» куәлігін алған соң, соңғы екі айда МӘМС үшін төлем жасалмаған болу керек. Сонда автоматты түрде жеңілдік санатына енгізіледі.

12) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.

13) Мүгедектер. Ресми құжаты шыққан кезде, мәртебе автоматты түрде беріледі.

14) Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын тұлғалар. Қазақстанда оқитын студенттер жеңілдетілген санатқа автоматты түрде қосылады.

15) Жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Әлеуметтік төлем тағайындалған кезде «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.

Егер осы 15 санаттың біріне кірсе, бірақ «сақтандырылмаған» болсаңыз, растайтын құжаттар тізімін жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруыңыз керек. Ақпарат мемлекеттік органдарға жолданып, тиісті шаралардан соң сізге «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі және сіз үшін мемлекет жарна төлейді.

 

 

- Шетелде оқитын студенттерді  МӘМС  жүйесіне  қалай  тіркеуге  болады?

-Бұл жерде шетелдік оқу орындарында күндіз оқитын қазақстандық студенттер МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» тұлғалардың автоматты түрдегі жеңілдік мәртебесін бірден ала алмайтынын ескеру керек. Олар egov.kz электронды үкімет порталындағы сервисті пайдалана отырып, жүйеде өз бетінше тіркелуі қажет. Ол үшін төмендегі әрекеттерді орындау керек:

– Іздеу жолағына «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» деп теру;

-Ашылған терезеде өтінішті толтыру және оқуды растайтын құжаттарды қоса беру;

– Өтінішке ЭЦҚ көмегімен қол қою;

-Көп жағдайда сақтандырудың жеңілдік мәртебесі жолдарды дұрыс толтырған уақытта 10 жұмыс күні ішінде беріледі;

-Егер сақтандырудың жеңілдік мәртебесін беру көрсетілген мерзімнің ішінде жүзеге асырылмаса, Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментіне хабарласу қажет.

Студент әрбір семестр аяқталғаннан кейін сақтандырылу мәртебесін тексеруі және оқудың өзектілігін растауы қажет екенін есінде ұстағаны дұрыс. Өйткені дерекқордағы мәліметтер өзгеруі мүмкін.

 

-МӘМС жүйесіндегі мәртебені қайдан тексеруге болады?

- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексерудің және соңғы 12 айдағы төлемдерді көрсетудің қолжетімді тәсілдерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Енді бұны кейбір екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) мобильді қосымшаларында жасауға болады.

Өткен 12 айға жасалған төлемдер мен мәртебені Халық банкінің қосымшасы арқылы тексеруге болады. Ол үшін Halyk мобильді қосымшасын орнатып, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, ізінше «МӘМС» бөлімшесінде ЖСН жазу керек. Halyk арқылы медициналық ұйымға тіркелгені туралы ақпарат қолжетімді. «Мемлекеттік қызметтерге» кіріп, «Анықтамалар» батырмасын басқан кезде тұрғылықты мекенжайы, емхананың атауы, тіркелген күні көрініп тұрады.

Өткен 12 айға жасалған төлемдер мен мәртебені ЦентрКредит Банкінің қосымшасы арқылы да білуге болады. BCC.KZ мобильді қосымшасын орнатқаннан кейін, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, ізінше «МӘМС туралы ақпарат» бөлімшесінде ЖСН жазу қажет.

Сондай-ақ Kaspi.kz мобильді қосымшасын орнатып, Kaspi Bank қосымшасында сақтандырылған мәртебесін тексеруге болады. Авторизациядан өткеннен кейін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, ары қарай «МӘМС мәртебесін» таңдау керек.

Соңғы 12 ай ішінде төленбеген кезеңдер болса, оларды банк қосымшаларында төлеуге болады. Төлемдер тексерілгеннен кейін «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар мәртебесін келесі қосымшалар арқылы тексере алады:

 

• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы

 

fms.kz ресми сайты

 

• Telegram-дағы @SaqtandyrýBot

 

• 1414 байланыс орталығы

 

• Damumed мобильді қосымшасы.

 

Сондай-ақ, Электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.

 

-МӘМС жүйесіндегі уақытша статус қандай санаттарға беріледі?

-Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидаларын бекіту туралы» 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығына сәйкес, уақытша сақтандыру мәртебесін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінген кезде немесе өз бетінше алуға болады.

Емханаға жүгінген кезде медициналық ұйымның қызметкері пациенттің растайтын құжатын сканерлейді (суретке түсіреді) және «Qoldau-24/7» мобильді қосымшасы арқылы Қорға жібереді (қосымшаны App Store және Play Market-тен жүктеуге болады). Содан кейін Қор 1 (бір) айға сақтандыру мәртебесін береді. Пациентке сақтандырылған мәртебе берілгені туралы хабардар етіледі.

Медициналық ұйымға бармай-ақ, өз бетінше, пациент жүйеде уақытша мәртебе алады. Сондай – ақ, жоғарыда айтылғандай, «Qoldau-24/7» мобильді қосымшасы арқылы Қорға растайтын құжаттың фотосуретін жіберуі керек. Пациентке бір айға «Сақтандырылған» мәртебесі берілгеннен кейін тиісті хабарлама жолданады.

Бір ай ішінде сақтандырылған азаматтарға МӘМС пакетінің қызметтері қолжетімді болады. Сондай-ақ, бұл мерзім пациентке өзінің жеңілдік мәртебесін қалпына келтіру немесе медициналық сақтандыру бойынша қарыздарын төлеу үшін беріледі.

Ескертетін жайт, уақытша статус кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын және табысы жоқ адамдар жұмыс істемейтін адамға беріледі.

Мысалы, жұмыс істемейтін жүкті әйелдің есепке қою кезінде МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі жоқ. Ол мобильді қосымшада «Жеңілдік санатына уақытша мәртебе беру» батырмасына өтіп, мәртебесін, аймағын, ЖСН-ді көрсетіп, жеңілдік санатын растайтын құжаттың тіркеу керек. Содан кейін біздің сарапшылар жүктілікті растайтын анықтамалардың негізінде бір айға уақытша мәртебе береді. Осыдан кейін жүкті әйел есепке алынады және одан әрі оның мәртебесі өзгермейді, ол сақтандырылған.

 

-Соңғы кезде күндізгі бөлімде оқитын студенттердің жүйедегі мәртебен шығып қалу жағдайлары жиі кездесіп жатыр. Мұнын себебі неде?

-Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 16 қарашадағы  «Міндетті  әлеуметтік медициналық  сақтандыру туралы» Заңының 26-бабы, 1-тармақшасына сәйкес, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитындар үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарнаны мемлекет төлейді.

Осы ретте, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №333 бұйрығымен бекітілген Медициналық қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқық беру қағидасы негізінде күндізгі бөлімде оқитын студенттер туралы деректерді қалыптастыру үшін тізім Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесіне беріледі.

Мұнан соң, «Азматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ студенттерге МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін беру үшін Қорға береді. Нәтижесінде, күндізгі бөлімде оқитын студенттер тізімі МӘМС жүйесінде өзектендіріледі.

Медициналық  қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқық беру қағидасына сәйкес, күндізгі бөлімде оқитын студенттер жеңілдетілген санаттан шығып қалса, студент МӘМС жүйесіндегі берешекті жою үшін Қорға өтініш жазады. Келіп түскен өтініш расталады. Студентке МӘМС жүйесіндегі мәртебе беріледі.

Сонымен қатар, Қордың  ақпараттық  жүйесінде  БҒМ ҰБДҚ АЖ студенттің оқу нысаны, келу,  кету  күні  дұрыс  көрсетілмегініне  байланысты  болады.  Мұндай жағдайда білім беру ұйымдары студенттің мәліметін енгізіп,  БҒМ ҰБДҚ АЖ қайта сақтауы тиіс.

Егер, студенттің мәліметін ақпараттық жүйеде енгізуге қатысты сұрақтар болса, онда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлеріне 8 (7172) 742367, 742447 телефондары арқылы хабарласуына болады.

 

-         Сұхбатқа рахмет!

Подписывайтесь и следите за нашими новостями в социальных сетях
Ошибка в тексте? Сообщите нам. Выделите ошибку и нажмите Ctrl + Enter

Последние новости

Вчера
17 мая
16 мая
15 мая