Ағымдағы жылдың 15 қыркүйек және 15 қарашаға дейін тұрғындар бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 58 ұйымды таңдап тіркелуіне болады. Оның ішінде, 22 мемлекеттік және 36 жекеменшік клиника бар. Жалпы, биылғы емханаға тіркелу науқаныңдағы өзгерістер бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлынан сұрап білген болатынбыз.
-Емханаға тіркелу барсында неге мән беру керек?
-Емханасын ауыстырғысы келіп жүрген азаматтар тіркеу науқаны кезінде бұл мүмкіндікті пайдалана алады.
Ескеретін жайт, тұрғын 15 минуттық жерде орналасқан емханаға тіркелгені жөн. Бұл ең алдымен пациент үшін әрі дәрігерді үйге шақырған кезде тез келуіне ыңғайлы болады. Мұны, әсіресе кішкентай балалары бар отбасылар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар, дәрілік терапияда немесе клиникаға жиі баруға мәжбүр пациенттер ескеруі керек. Бұл ретте таңдаған медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан болуы тиіс. Мекемелердің тізімін Қордың fms.kz сайтында «Клиниканы таңдау» бөлімінен көруге болады.
Айта кетерлігі, пациент жаңадан тіркелген емханасында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек алуды бастайды. Ал, әзірге бұрынғы емханасынан ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін ем алуын жалғастырады.
Емханаға тіркеу науқанына қатыспаған азаматтар бұрын өзі қаралған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымда тіркелген күйі қалады.
-Емханаға қалай тіркелуге болады?
-Емханаға egov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы тіркелуге болады. Ол үшін сайтта авторизациядан өтіп, қызмет түрін таңдап, ашылған бетті толтыру қажет. Науқасты қызықтыратын емхананың учаскелерінде бос орындардың бар-жоғын алдын ала нақтылап алған жөн.
Сондай-ақ, емханаға жазбаша өтініш жазу арқылы зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтіндер, жетімдер, сәбилер, қарттар үйіндегі жандар, ерікті және жүктелген медициналық сақтандыру шарты бойынша тіркеледі.
-Шетелдік азаматтарды емханаға тіркеу ережелерінде нендей өзгерістер бар?
-Биыл еңбек мигранттары – шетелдіктерді және олардың отбасы мүшелерін (балалары мен жұбайларын), ЕАЭО-ға мүше елдердің (РФ, Беларусь, Қырғызстан, Армения) бірінің азаматтығы бар, ҚР-да уақытша тұратындарды емханаға тіркеу ережелері өзгерді. Енді алғашқы медициналық санитарлық және шұғыл стационарлық көмек алу үшін шетелдік азаматтардың ерікті медициналық сақтандыру шарты немесе жүктелген медициналық сақтандыру шарты болуы тиіс. Олар шарттың қолданылу мерзімінде емханаға тіркеліп, кейін автоматты түрде медициналық ұйымнан шығарылады. Жаңа ереже 2023 жылдың 14 тамызынан бастап күшіне енді.
Егер, емханаға тіркелуге қатысты қосымша сұрақтар болса, тіркелген емханадағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгінуге болады. Ал, ол жерден жауап ала алмаса, Қордың кері байланыс арналары fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы бойынша өтініш қалдыруға болады.