Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін медициналық көмектің көлемін жоспарлау кезінде орналасу аймағы, халықтың тығыздығы, демографиялық көрсеткіштері, жыныстық-жастық құрамының ерекшеліктері және медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер ететін өзге де өлшемшарттар ескеріледі.
Бүгінде облыс бойынша ауыл тұрғындарына стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған көмекті 39 медициналық ұйым көрсетеді.
Ал, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін 63 медициналық ұйым бар. Оның ішінде, ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде 39 мекеме қылтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Биыл Қор филиалы ауыл халқына стационарлық көмек көрсету қызметтерін көрсететін мекемелермен 41,1 млрд. теңгеге шарт жасады. Тарқатып айтар болсақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша 11,9 млрд. теңге, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне 29,2 млрд. теңге қаралған. Яғни, медициналық сақтандыру жүйесінің нәтижесінде ауылдық медицинаны қаржыландырудың көлемі артты.
Сонымен ағымдағы жылдың 6 айында ауылдағы пациенттер ТМККК бойынша 6,0 млрд. теңгеге емделді. Ал, МӘМС бойынша стационарлық деңгейде 13,4 млрд. теңгеге 92 053 пациент емделді. Айта кетерлігі, республика бойынша өңір тұрғындары МӘМС жүйесінде ең көп көмек алған.
Бүгінде ауыл тұрғындарына 13 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді.
Жылжымалы медициналық кешендер қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған. Аудандық ауруханалардың ұйымдастыруымен ауылдық округтердегі тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Жылжымалы медициналық кешендер динамикалық бақылау және сауықтырумен профилактикалық медициналық тексерулер жүргізеді. Сондай-ақ, кешен арқылы көбінде тұрғындар медициналық кеңеске, зертханалық зерттеулер, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу, рентген қызметтеріне жүгінген.
Жалпы, Қор филиалымен ТМККК бойынша жылжымалы медициналық кешендерге қызмет көрсету мақсатында 571,3 млн. теңгеге, МӘМС жүйесінде 2,27 млрд. теңгеге шарт жасалған.
Бақыт Исмаханбетов, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры“ КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры