Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ДЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Оның ішінде, шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейтуге басымдық беру қажет. Бүгінде МӘМС жүйесі бойынша медициналық ұйымдарда балаларға арналған шағын және орта оңалту орталықтарының қатарын кеңейту бойынша шаралар қолға алынды.
Сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға қосымша жағдай жасау ісі жалғасып жатыр. Дегенмен, балаларды оңалту ісінде мемлекет пен қоғамның тізе қоса қимылдағаны қуантады. Өйткені, оңалтудың өзі үш сатыдан тұрады. Медициналық, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық деп бөлінетін үш аспект үйлескенде ғана мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарға қосылуына аз да болса жәрдем жасауға болады.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларға көмектің қолжетімділігін арттыру үшін өңірлерде оңалту ұйымдарының желісі дамып жатыр. Тұрақты негізде ем алады, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік медициналық оңалту орталықтарында неврологиялық және аралас бейіндегі. Осы бөлімшелерде психологтар, дефектологтар, логопедтер, нұсқаушылары, массажистер және басқа да бөлімшелерге келетіндер тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық оңалту бойынша қолдау алады, психологиялық және педагогикалық көмек алады.
Түркістан қалалық балалар ауруханасы базасынан ашылған «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы жұмыс жасайды. Оңалту орталығында жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларға ем-шаралар жүргізіледі. Бұл жерде Түркістан қаласының балаларынан бөлек Кентау, Отырар, Созақ, Бәйдібектен және Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандарынан келген балаларға стационарлық мамандандырылған көмек көрсетіледі. Егер республикалық оңалту орталықтарына жылына бір рет кіруге болатын болса, онда балалар ауруханаларының жанындағы бөлімшелерде балалар әрбір екі ай сайын оңалтудан өтеді.
Жалпы, оңалтуға бару үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Учаскелік дәрігер емхана меңгерушісімен бірге баланы ауруханаға жатқызу қажеттілігі туралы шешім шығарады. Ата-ананың қолына жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талон беріледі, онда «Емдеуге жатқызу бюросы порталы» сайтында жоспарлы емдеуге жатқызуға кезекті тексеруге, сондай-ақ стационарда бос төсектердің болуы туралы ақпаратты қарауға болады.
Сонымен қатар, орталықта 2 төсек-орынға неонтальды хирургия ұйымдастырылды. Мұнда туа біткен ақаумен туған нәрестерлерге күрделі оталар жасалады.
Өткен жылы Даун синдромы бар 1 жас 8 айлық қыз бала алғашқы рет психо-моторлы дамудың және сөйлеудің артта қалуына байланысты шағыммен оңалту орталығына ем алуға келген болатын.
41 жастағы ана балаға жүктілік кезеңін анемия фонында өткізген. Бала толық жетілмей 35 апталығында физиологиялық жолмен туылған. Қыз балада психо- моторлы дамудың артта қалуы байқалған. Басын 4-5 айлығында ұстай бастаған, 7-8 айынды тіреумен отырған, 10 айлығынан еңбектеген, 1 жас 8 айлығында орнынан тұрып, жағалап, 1-2 қадам жүре бастаған.
Науқасты тексеру барысында орнынан тұрып, жағалап жүреді, өздігінен жүре алмайды, аяқ-қолдары өте әлсіз, тез шаршайды, сөйлемейді, айтқанды толық түсінбейді, жиі ауыратыны анықталды.
Науқасқа бұлшықет күшін арттырып, жүруін нығайту үшін пассивті кинезиотерапия жасалып, бел аймағына электрофорез қойылды, жүруін қалыптастыру үшін корвит аппараты, ходунок, иппотренажер қолданылды. Сенсорлы интеграциясын дамыту мақсатында психологтармен, дыбыстарды дұрыс айтып үйрету үшін логопед мамандарымен жұмыс жасалды. Баланың иммунитетін көтеру мақсатында оттегілік коктейль, тұзды шахта, шунгит бөлмесі, биоптрон аппараты қолданылды.
Соңғы 3 курс оңалту емінің нәтижесінде бала өздігінен, сенімді жүретін болды.Қазіргі кезде орталық мамандарының жұмысы баланың сөйлеу қабілетін жақсартуға, қоршаған ортаға бейімдеуге, әлеуметтендіруге, жүрісін нығайтуға бағытталып отыр.
Қазір бала 3 жаста, анасының айтуынша, өзі сенімді жүреді, 5-6 сөз айтады, екі-үш сөзден тұратын сөйлем құрайды, дәретін айтады, ас-суын өзі жеп-ішеді.
Орталық ашылғалы бері әртүрлі неврологиялық, ортопедиялық, кардиологиялық патологиясы бар 859 бала оңалту емін алып, көптеген ата-аналардың ризашылығына бөленіп келеміз.
А.Жолдыбаева, «Қамқорлық» оңалту орталығының
дәрігер-реабилитологы