Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, 2026 жылдан бастап тегін медициналық көмек пакеті мен МӘМС жүйесінде маңызды жаңашылдықтар енгізілді. Енді пациенттер үшін әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларға қатысты қызметтер толық қолжетімді болып, сақтандыру мәртебесі медициналық көмекті алуда шешуші рөл атқарады. Медицина саласындағы осы маңызды өзгерістердің адамның денсаулығына әсері мен ауруларды алдын алу шаралары туралы «Ақмарал» ауруханасының басшы орынбасары Кузиметов Фурхат Шавкатбекович сұхбат берді.
– ТМККК аясында қандай скринингтік тексерулер тегін жүргізіледі?
-Ең алдымен айта кету керек: денсаулық сақтау жүйесі қаншалықты дамығанымен, әр азаматтың өз денсаулығына жеке жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Бұл – профилактикалық тексеруден уақтылы өту, скринингтерге қатысу, дәрігер нұсқауын сақтау, емді үзбеу, дұрыс тамақтану, қозғалыс белсенділігін арттыру және зиянды әдеттерден бас тарту деген сөз.
Ерте анықталған ауру – тиімді емнің кепілі. Ал кеш анықталған дерт емдеу процесін күрделендіріп, шығынды арттырады.
Президент Жолдауында медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және МӘМС жүйесін жаңғырту міндеті қойылған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Үкімет қаулысымен скринингтік тексерулер тізбесі кеңейтіліп, олар сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға тегін қолжетімді болды.
ТМККК аясында жүргізілетін негізгі скринингтер:
Қатерлі ісіктерді (онкологиялық ауруларды) ерте анықтауға арналған скринингтер;
Жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау;
Қант диабетін анықтау;
Глаукоманы анықтау;
Инсульттің ерте қаупін бағалау;
Әлеуметтік маңызы бар және кең таралған ауруларды ерте диагностикалау.
2026 жылдан бастап енгізілген өзгерістер:
✔Скринингке қатысушылардың жас шегі 30-дан 76 жасқа дейін ұлғайтылды; ✔Созылмалы және жүрек-қан тамыр ауруларын ерте анықтауға арналған тексерулер кеңейтілді;
✔Скринингтен жылына екі рет өтуге мүмкіндік берілді; ✔Онкоскринингтер толықтай ТМККК пакеті аясында қолжетімді (жыл сайын шамамен 300 мың адамды қамту жоспарлануда); ✔Инсультті ерте анықтауға арналған жаңа скрининг енгізілді.
Сүт безі обырының бастапқы белгілері көп жағдайда байқалмайды. Маммографиядан уақтылы өту және өзін-өзі тексеру әдістерін қолдану ауруды ерте кезеңде анықтап, ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Әйелдер тіркелген емханасы арқылы маммолог, гинеколог, онколог кеңесіне жүгініп, маммография, УДЗ, ПАП-тест және басқа зерттеулерден тегін өте алады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК шеңберінде күдік туындаған жағдайда 11 әлеуметтік маңызды ауруды диагностикалау қолжетімді болады. Олардың қатарында:
туберкулез;
созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы;
психикалық және мінез-құлық бұзылыстары;
қатерлі ісіктердің ерте сатылары;
өткір миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай);
сирек кездесетін аурулар;
эпилепсия;
инсульт және басқа ауыр жағдайлар бар.
Қазіргі таңда ТМККК аясында тек туберкулез бен АИТВ-инфекциясын диагностикалау жүргізілсе, басқа әлеуметтік маңызды ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылып келеді.
Осылайша, ТМККК шеңберіндегі скринингтердің кеңеюі ауруларды ерте анықтауға, асқынулардың алдын алуға және халық денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
-Скринингтен уақытылы өтудің қандай пайдасы бар?
-Ең бастысы – ауруды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі. Ерте анықталған дертті емдеу әлдеқайда жеңіл, тиімді әрі экономикалық тұрғыдан да аз шығынды талап етеді. Мәселен, қатерлі ісікті бастапқы сатысында анықтау науқастың өмірін сақтап қалуға және толық сауығуына нақты мүмкіндік береді.
Сондықтан азаматтарға учаскелік дәрігердің шақыруына жауап беріп, нысаналы жасқа жеткен кезде скринингтен уақытылы өту ұсынылады. Бұл – өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңызды көрсеткіші.
1️.Жүрек-қан тамырлары аурулары және қауіп факторлары
Артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтауға арналған.
Нысаналы топ: динамикалық бақылауда тұрмайтын 40–76 жас аралығындағы (әр 2 жыл сайын) ерлер мен әйелдер.
2️.Сүт безі обыры
Нысаналы топ: 40–76 жастағы әйелдер (әр 2 жыл сайын). Негізгі әдіс – маммография.
3️.Жатыр мойны обыры
Нысаналы топ: 30–74 жастағы әйелдер (әр 4 жыл сайын). Негізгі әдіс – ПАП-тест.
4️.Колоректальды обыр
Нысаналы топ: 50–76 жастағы ерлер мен әйелдер (әр 2 жыл сайын). Негізгі әдістер – нәжістегі жасырын қанға тест және қажет болған жағдайда колоноскопия.
5️.Жіті ми қанайналымының бұзылу қаупі (инсульт)
Нысаналы топ: 50–76 жастағы ерлер.Мақсаты – инсульт қаупін ерте анықтау және алдын алу.
6️.В және С вирусты гепатиттері (II кезең скринингі)
Қауіп топтарына жүргізіледі:
медицина қызметкерлері;
хирургиялық араласуға жатқызылған пациенттер;
гемодиализ, гематология, онкология, трансплантация бөлімшелеріндегі пациенттер;
қан құю және ағза трансплантациясына байланысты пациенттер;
жүкті әйелдер;
АИТВ жұқтыру қаупі жоғары топтар.
2025 жылы профилактикалық скринингтер аясында тұрғындар бірнеше негізгі бағыт бойынша қамтылды.
Жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау бойынша —1600 адам;
Қант диабетіне қатысты тексеруден — 1600 адам;
Сүт безі обырына — 1150 әйел;
Жатыр мойны обырына — 950 әйел;
Колоректальды обырға — 1200 адам.
Бұл көрсеткіштердің алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсуі профилактикалық шаралардың тиімділігін және халықтың скринингке қатысу белсенділігінің артқанын көрсетеді.
Қорытындылай келе, скринингтен уақытылы өту – асқынулардың алдын алудың, мүгедектік пен өлім-жітімді азайтудың және өмір сапасын жақсартудың нақты құралы.
-МӘМС аясында созылмалы және әлеуметтік мәні бар аурулары бар науқастарға қандай жоспарлы медициналық қызметтер көрсетіледі?
-МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларды бақылау, емдеу және асқынулардың алдын алу мақсатында жоспарлы медициналық қызметтердің толық спектрі көрсетіледі.
Амбулаториялық деңгейде:
· Терапевт пен бейінді мамандардың (кардиолог, эндокринолог, невропатолог, психиатр және т.б.) тұрақты қабылдауы және динамикалық бақылау;
· Зертханалық және аспаптық диагностикалық тексерулер (қан, зәр талдауы, биохимиялық зерттеулер, ЭКГ, УДЗ, рентгенография және басқа зерттеулер);
· Диагнозға сәйкес тегін немесе жеңілдетілген негізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
· Ем жоспарын орындауды бақылау және ауру ағымын мониторингтеу;
· Артериялық гипертензия, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы дерттерді ұзақ мерзімді басқару;
· Әлеуметтік мәні бар аурулар (туберкулез, психикалық бұзылыстар, жұқпалы аурулар және басқа да ауыр жағдайлар) бойынша есепке алу және тұрақты қадағалау.
Жоспарлы стационарлық деңгейде:
· Терапиялық және хирургиялық емдеу;
· Қажет болған жағдайда медициналық оңалту және реабилитациялық шаралар;
· Мамандандырылған зертханалық және жоғары технологиялық диагностикалық қызметтер;
· Асқынулардың алдын алу және ауруды тұрақтандыруға бағытталған кешенді ем.
Осылайша, МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар созылмалы және әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша жүйелі бақылауға, сапалы медициналық көмекке және қажетті қызметтерді алу құқығына ие.
-МӘМС жарнасы мен аударымының айырмашылығы неде?
- Өте орынды сұрақ. МӘМС жүйесіне қатысушылар арасында төлем жасау кезінде қателіктер жиі кездеседі.
Ай сайынғы табысы 850 000 теңгеден аспайтын жалдамалы қызметкер үшін:
· жұмыс берушінің аударымы – жалақының 3%-ын құрайды;
· қызметкердің жарнасы – жалақының 2%-ы мөлшерінде ұсталады.
Ал ай сайынғы табысы 850 000 теңгеден асатын қызметкерлерге қатысты ең жоғары шекті мөлшер белгіленген:
· қызметкердің ең жоғары жарнасы – 34 000 теңге (1 700 000 теңгенің, яғни 20 ең төменгі жалақының 2%-ынан аспайды);
· жұмыс берушінің ең жоғары аударымы – 102 000 теңге (3 400 000 теңгенің, яғни 40 ең төменгі жалақының 3%-ынан аспайды).
Жарна немесе аударым уақытылы төленбеген жағдайда азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін ала алмайды. Сондықтан әрбір адам өзінің МӘМС мәртебесін тұрақты түрде тексеріп отырғаны жөн.
-D және E санатындағы азаматтар үшін жарнаны кім төлейді?
- 2023 жылдан бері елімізде Отбасының цифрлық картасы жұмыс істеп, әр шаңырақтың әлеуметтік ахуалы жүйелі түрде бағаланып келеді. Халық А, B, C – жағдайы тұрақты топқа, ал D мен E – әлеуметтік осал, дағдарыс күйіндегі санатқа бөлінді.
Бұл тәртіп «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 26 және 26-1-баптарында бекітілген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздар мен D, E санатындағы азаматтардың дерегін қалыптастырады.
Ресми жұмыссыздар мен D және E категориялары үшін жарналарды енді 2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттен төленеді.
-Пациенттің құқықтары қалай қорғалады?
-Пациенттің құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпарат алу, емдеуге келісу немесе бас тарту, медициналық құпиялылық, дәрігер мен медициналық ұйымды таңдау, сондай-ақ шағымдану арқылы қорғалады. Бұл құқықтар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген.
Пациент өз денсаулығына қатысты толық әрі түсінікті ақпарат алуға құқылы. Яғни диагнозы, емдеу тәсілдері, ықтимал қауіп-қатерлер мен болжам туралы дәрігерден жан-жақты мәлімет сұрай алады.
Пациенттің рұқсатынсыз операция, емдеу немесе қандай да бір медициналық процедура жүргізілмейді (шұғыл жағдайларды қоспағанда).
Пациенттің диагнозы, талдау нәтижелері және жеке деректері құпия болып табылады және үшінші тұлғаларға оның келісімінсіз берілмейді.
Пациент өзі қалаған дәрігерді немесе емхананы таңдауға және тіркелуге құқылы.
Егер пациенттің құқықтары бұзылса, алдымен медициналық ұйымның бас дәрігеріне жүгінеді. Мәселе шешілмеген жағдайда жоғары тұрған органдарға, соның ішінде уәкілетті мемлекеттік органдарға шағым қалдыруға болады.
Бүгінде әрбір медициналық ұйым жанында Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Бұл қызмет МӘМС жүйесіне қатысты мәселелер бойынша, сақтандыру мәртебесін қалпына келтіру, медициналық көмек алу тәртібі жөнінде кеңес береді және пациенттердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ мамандар пациенттер кездесетін проблемалық жағдайларды жедел шешуге, қажет болған жағдайда ішкі аудит жүргізуге және анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдауға қатысады.
Егер пациентте медициналық көмектің сапасы немесе көрсетілу тәртібі бойынша сұрақтар туындаса, «Ақмарал» емханасының 36-кабинетінде орналасқан Пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуге құқылы. Сонымен қатар, емхана кіреберісіндегі «Пациент бұрышы» үстелінде орналасқан өтініштерді тіркеу журналына аты-жөні және байланыс деректерің көрсетіп, жазбаша өтініш қалдыруға болады.
Пациенттерді қолдау қызметіне 8(725-33) 9-67-11 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Қызмет құрамына комиссия төрағалары – емдеу ісі жөніндегі басшы орынбасарлары Ф.Кузиметов пен Н.Джумабаева, сондай-ақ сарапшы дәрігер А.Сыздыкова, бөлім меңгерушісі Ж.Накипова, аға мейірбике А.Бекнова және тіркеу бөлімінің мейірбикесі Т.Өмірәлі кіреді.
Бұл қызметтің негізгі мақсаты – пациенттердің құқықтарын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
-Жеке клиника МӘМС шеңберінде қандай қызметтерді көрсетеді?
- Соңғы бес жыл ішінде біздің поликлиника міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында халыққа көрсетілетін медициналық көмектің көлемі мен сапасын айтарлықтай арттырды. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде емделушілерге қолжетімді қызмет түрлері кеңейіп, заманауи диагностикалық және емдеу мүмкіндіктері енгізілді.
Ең алдымен, медициналық құрал-жабдықтар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Атап айтқанда, соңғы жылдары поликлиникаға ультрадыбыстық зерттеу аппараты және рентген аппараты заманауи медициналық құрылғы алынып, оның ішінде диагностикалық аппараттар, зертханалық жабдықтар және функционалдық тексеру құралдары пайдалануға берілді. Бұл науқастарды ерте анықтау мен дәл диагноз қою сапасын айтарлықтай жақсартты.