Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері өмірінің алғашқы сағаттарында ауыр диагноз қойылған жаңа туған нәрестеге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп, күрделі ота жасалды.
Нәресте №2 облыстық перинаталдық орталықта жүктіліктің 41-аптасында 2900 грамм салмақпен дүниеге келген. Алайда туғаннан кейін көп ұзамай оның тыныс алуы қиындап, жалпы жағдайы күрт нашарлаған.
Жедел жүргізілген кеуде қуысының рентгенологиялық зерттеуі нәтижесінде нәрестеге туа біткен көкет жарығы диагнозы қойылды. Бұл – құрсақ қуысындағы ағзалардың көкеттің ақауы арқылы кеуде қуысына өтіп, өкпе мен жүректі қысып қалатын, шұғыл хирургиялық көмекті қажет ететін күрделі туа біткен патология.
Неонатальды хирургтың кеңесінен кейін сәби шұғыл түрде Түркістан облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Күрделі отаға Түркістан облысының бас неонатальды хирургы С.А. Тұрысбеков, неонатальды хирург Ж.А. Бердіқұлова және неонатальды жансақтау бөлімінің анестезиолог-дәрігері Қ.Ү. Сапар қатысып, операцияны сәтті аяқтады.
Аталған жоғары технологиялық медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді.
Қазіргі уақытта кішкентай пациент дәрігерлердің тұрақты бақылауымен ем қабылдап, отбасына оралды.
Бұл оқиға Түркістан облысында жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді екенін және МӘМС жүйесі күрделі операцияларды дер кезінде көрсетуге мүмкіндік беретінін тағы бір мәрте дәлелдейді.