

Бұл факт Кербұлақ ауданында тіркелді, онда Арқарлы асуының маңында 1 мамырда «Toyota Land Cruser Prado» автокөлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Автокөлікті Қоғалы ауылының 38 жастағы тұрғыны мас күйінде жүргізген. Жол апатының мән-жайын анықтаған кезде полицейлер ер адамның автокөлікті өзінің жұмыс берушісінен ұрлап кеткенін анықтады.
«Көлік сол жерде орналасқан шаруа қожалығының аумағынан ұрланған, онда ер адам жалдамалы жұмысшы ретінде жұмыс істеген. Автокөлік ферма иесіне тиесілі. Тас жолға шыққан кезде күдікті мас күйінде ұрланған көлікпен апатқа ұшырайды. Қазір ер адамды қамауға алу мәселесі шешілуде», – деп хабарлады Кербұлақ ауданының полициясы.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 200-бабына (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету) және 345-1-бабына (Алкогольдік масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес жүргізілуде.