Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында өте сирек кездесетін әрі жоғары тәуекелді нейрохирургиялық операция сәтті өткізілді. Науқастың бас миындағы ісік бас сүйектің ең күрделі анатомиялық аймағында – иіс сезу шұңқырында (альфакторлық ямка), ми жартышарларының негізінде, иіс сезу жүйкелерінің жанында орналасқан.
Мамандардың айтуынша, бұл – гиперваскуляризацияланған ісік, яғни қанмен өте жақсы қамтамасыз етілген, сондықтан ота кезінде қан кету қаупі өте жоғары болды. Сонымен қатар, ісіктің маңында иіс сезу жүйкелерімен қатар, адамның сөйлеу, эмоциялық және мінез-құлық функцияларына жауап беретін ми құрылымдары орналасқан. Мұндай жағдайларда ота кезіндегі әрбір миллиметр шешуші мәнге ие, себебі ең аз қателік қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін еді.
Операция екі кезеңмен жүргізілді:
1️⃣ Рентгенэндоваскулярлы эмболизация – Ісікті қоректендіретін қан тамырларын алдын ала жауып, қан кету қаупін азайту;
2️⃣ Бифронтальды краниотомия және микрохирургиялық ісікті толық алып тастау – Бас сүйектің маңдай бөлігін ашып, микроскоп арқылы ісікті дәл жою.
Күрделі отаны жоғары білікті нейрохирургтер Асқар Бахтияров, Ерік Сопбеков, Абылай Нұрғалиұлы жүргізді.
Науқастың жағдайы отадан кейінгі кезеңде тұрақты. Қазіргі таңда науқас оңалту кезеңінен өтуде және мамандардың жіті бақылауында.Бұл жетістік өңірдегі нейрохирургия саласының жоғары кәсіби деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Облыстық клиникалық ауруханадағы осындай жоғары технологиялы оталар – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің арқасында тұрғындарға тегін қолжетімді.
? Түркістан облысында нейрохирургия саласы қарқынды дамып келеді. Заманауи технология, жоғары білікті мамандар мен материалдық-техникалық база күрделі жағдайларды да өңірде емдеуге мүмкіндік беруде.