Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл тұрғындарының заманауи медицинаға қол жеткізуін қамтамасыз етуді ерекше атап өткен болатын. Осы бағытта Отырар аудандық орталық ауруханасы әйелдер денсаулығын қорғауға арналған заманауи гинекологиялық оталарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Барлық оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жасалады.
Ауруханада орындалатын негізгі гинекологиялық операцияларға мыналар жатады:
түтікшелерді стерилизациялау;
жатырдан тыс жүктілік кезінде жасалатын оталар;
аналық без кистасын алып тастау;
жатыр миомасын емдеу;
гинекологиялық-пластикалық операциялар.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай оталардың басты мақсаты – әйелдердің өмір сапасын арттыру, болашақ асқынулардың алдын алу және репродуктивті денсаулықты сақтау.
Аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Білікті мамандардың тәжірибесі арқасында аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек қолжетімді болып отыр. Бұл – отырарлық әйелдер үшін үлкен мүмкіндік, себебі олар күрделі оталарды жасау үшін ірі қалаларға бармай-ақ, өз өңірінде жоғары технологиялық қызметті ала алады.
Бұл бастама – ауыл халқының медициналық көмекке қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі.