Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына 1989 жылы туған азамат биіктіктен құлап, ауыр жарақатпен жеткізілді. Пациентке бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, бірнеше жарақаттан тұратын күрделі диагноз қойылды. Атап айтқанда, науқастың қабырғалары мен жамбас сүйектері сынған, гемопневмоторакс және травматикалық шок белгілері анықталған.
Жалпы жағдайы тұрақталғаннан кейін науқасқа жоспарлы түрде ота жасау туралы шешім қабылданды. Хирургиялық ем-шара Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізілді.
Травматолог-ортопед Нұрсұлтан Тастановтың айтуынша, операция барысында пациенттің сол жақ жамбас сүйегіне жабық репозиция және ChM (BIOS) штифтімен интрамедуллярлық блокты остеосинтез жасалды. Бұл әдіс сүйек сынуын тиімді бекітуге және тез оңалуға мүмкіндік береді.
— Ота сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Екінші күннен бастап жүріп-тұруды бастады. Бүгінде арнайы сүйемелдеудің көмегімен қозғалып жүр, — дейді дәрігер.
Мұндай күрделі жағдайларда уақытылы медициналық көмек пен мамандардың кәсібилігі шешуші рөл атқарады. МӘМС жүйесі арқылы азаматтар тегін және сапалы медициналық көмек ала алады.