

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері он екі елі ішектің туа біткен өтімсіздігі анықталған 6 күндік нәрестеге күрделі ота жасады.
Нәресте А.Я. жүктіліктің 37-аптасында Жетісай аудандық ауруханасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Туа біткен ақау жүктілік кезіндегі ультрадыбыстық зерттеу барысында анықталмаған. Туғаннан кейін сәбидің тыныс алуы қиындап, жағдайы тұрақсыз болған. Реанимациялық шаралардан соң жағдайы тұрақтандырылды.
Нәрестенің сүтті қорыта алмауы және асқазан зонды арқылы өт аралас бөліндінің шығуы ас қорыту жүйесін қосымша тексеруге негіз болды. Контрастты зерттеу нәтижесінде асқазаннан ішекке тағамның өтуіне кедергі келтіретін жоғары ішек өтімсіздігі анықталды.
Өмірінің бесінші тәулігінде нәресте медициналық авиация арқылы Облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, неонаталдық жансақтау бөліміне жатқызылды. Ота алдындағы дайындықтан кейін дәрігерлер он екі елі ішектегі өтімсіздікті жоюға бағытталған хирургиялық араласуды орындады.
Отаға Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс неонаталдық хирургі Тұрысбеков С.А., неонаталдық хирург Бердіқұлова Ж.Ә. және неонаталдық анестезиолог Нұсқабай Ш.М. қатысты.
Қазіргі уақытта нәресте отадан кейінгі кезеңнен өтіп, неонаталдық жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауымен ем қабылдап жатыр.
Нәрестеге көрсетіліп жатқан медициналық көмек МӘМС шеңберінде қаржыландырылады. 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдік санатына жатады, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді.
Ата-аналар жаңа туған нәрестеде өт аралас құсу, тамақ іше алмау немесе жағдайының күрт нашарлауы байқалса, медициналық көмекке шұғыл жүгіну қажет. Мұндай белгілерді күттірмей дәрігерге көрсету маңызды.
Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.