Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасовтың төрағалығымен тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қамту мәселелері бойынша өңірлік штабтың кезекті отырысы өтті.
Жиында халықты МӘМС жүйесіне қамту, сақтандырылмаған азаматтар санын азайту, жарналардың уақтылы төленуі және медициналық қызмет сапасы талқыланды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Б.Исмаханбетов өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
2024 жылғы қаңтарда облыста МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 400 644 адам болса, 2026 жылғы тамызда 309 036 адамға дейін төмендеген. Яғни, 91 608 адамға немесе 22,8%-ға азайған.
МӘМС жүйесіне қатысу көрсеткіші Сайрам, Келес және Шардара аудандарында жоғары. Ал Түлкібас, Мақтаарал және Созақ аудандарында қамтуды арттыру бойынша жұмыстарды күшейту қажет.
Сонымен қатар, соңғы 12 ай және одан да көп уақыт ішінде МӘМС жарналарын төлемеген азаматтар саны 177 892 адамды, ал жыл басынан бері 3 186 қызметкер үшін жұмыс берушілер тарапынан жарна төленбеген.
Д және Е санатындағы азаматтар мен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жергілікті бюджеттен МӘМС жүйесіне 817,1 млн теңге жарна төленген. Осыған байланысты аудан және қала әкімдіктеріне азаматтар туралы деректерді тұрақты түгендеп, ақпараттық базаларды уақтылы жаңарту тапсырылды.
Жиында медициналық ұйымға тіркелмеген азаматтарды анықтау және оларды тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркеу мәселесі де көтерілді.
Пациенттердің өтініштері бойынша 2026 жылдың алғашқы 6 айында 441 арыз-шағым қаралған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 231 өтінішке аз, яғни шағымдар саны 34,4%-ға төмендеген. Сонымен қатар, жекелеген медициналық ұйымдарда шағымдар санының артқаны атап өтіліп, медициналық қызмет сапасын бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған З.Жолдасов халықты МӘМС жүйесімен қамтуды арттыру, сақтандырылмаған азаматтардың мәртебесін қалпына келтіру, деректер базасын өзектендіру және медициналық қызмет сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.
Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.