Неблагоприятные метеоусловия ожидаются в трёх городах Казахстана

МӘМС – қаржыландыру көзі ғана емес, пациентке сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі

Сегодня, 05:36
6 мин. чтения
153
МӘМС – қаржыландыру көзі ғана емес, пациентке сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі
МӘМС

– Жеке медициналық ұйым үшін МӘМС жүйесінің қандай артықшылықтары бар?

– МӘМС жүйесі – жеке медициналық ұйымдардың халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуіне мүмкіндік беретін маңызды тетік. Азаматтар медициналық көмекті мемлекеттік мекемелерден ғана емес, МӘМС аясында қызмет көрсететін жеке медициналық ұйымдардан да ала алады. Бұл пациенттердің таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, медициналық ұйымдарды қызмет сапасын үнемі жетілдіруге ынталандырады.

«Клиника Талғат» ЖШС үшін МӘМС жүйесі халыққа қажетті медициналық қызметтерді кең көлемде ұсынуға, диагностикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға және заманауи медициналық көмекті тұрғындарға барынша жақындатуға мүмкіндік береді. Біз МӘМС жүйесін тек қаржыландыру көзі ретінде емес, пациентке сапалы медициналық қызмет көрсетуге берілген мүмкіндік деп қабылдаймыз.

2026 жылдың алғашқы 8 айында клиникаға жүгінген пациенттер саны 110 657-ден 187 803-ке дейін артты. Бұл – халықпен тиімді кері байланыс орнатылып, тұрғындардың клиника қызметіне деген сұранысы мен сенімі артып келе жатқанының айқын көрінісі.

– Қор тарапынан қойылатын талаптар медициналық ұйым жұмысына қандай өзгерістер әкелді?

– МӘМС жүйесі медициналық ұйымдардың жұмысына нақты тәртіп пен жауапкершілік енгізді. Қазір көрсетілетін қызметтің көлемімен қатар, оның сапасына, медициналық құжаттаманың дұрыс жүргізілуіне, клиникалық хаттамалардың сақталуына, медициналық көмектің негізділігі мен нәтижелілігіне ерекше мән беріледі.

Медициналық ұйымда Қор талаптары медициналық көмекті жетілдіруге мүмкіндік беретін құрал ретінде қабылданады. Осыған байланысты ішкі бақылауға, медициналық құжаттаманың сапасына, мамандардың біліктілігін арттыруға және клиникалық стандарттарды сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.

Халықтың нысаналы топтарын профилактикалық тексерулермен қамту көрсеткіші де жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2026 жылы сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында 930 әйел маммографиялық тексеруден өтіп, 281 әйелден ауру белгілері алғаш рет анықталды. Олар қосымша тексеруге және дәрігерлердің бақылауына жіберілді.

Клиника үшін медицина – тек диагноз қойып, ем жүргізу емес. Бұл – адам денсаулығына деген үлкен жауапкершілік. Біз 1997 жылдан бері Түркістан халқына медициналық қызмет көрсетіп келеміз. Бүгінде клиникада 14 бөлімше жұмыс істейді, 30-дан астам медициналық бағыт бойынша қызмет көрсетіледі және 300-ден астам білікті маман еңбек етеді.

Біздің басты ұстанымымыз – заманауи технология, кәсіби маман және пациентке деген адамгершілік қарым-қатынас бір жерде тоғысқанда ғана сапалы медицина қалыптасады.

Сондықтан алдағы уақытта да клиниканың материалдық-техникалық базасын жаңарту, жаңа технологияларды енгізу, мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру және халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

-Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

-Медициналық көмектің сапасы маманның білімі мен тәжірибесінен бастап, диагностиканың дәлдігіне, қолданылатын технологияларға және пациентпен қарым-қатынасқа дейінгі көптеген фактордан құралады.

Клиникада мамандардың кәсіби деңгейін тұрақты жетілдіруге, заманауи диагностикалық және емдеу технологияларын енгізуге, сондай-ақ пациенттің медициналық маршрутын барынша ыңғайлы ұйымдастыруға басымдық беріледі.

Жыл соңына дейін клиниканың 100-ден астам маманының біліктілігін арттыру жоспарланған. Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің сарапшы дәрігерлері медициналық қызметтердің сапасын тұрақты бақылап, оны жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

МӘМС аясындағы қаржыландыру көлемінің өсуі клиникада бірнеше медициналық бағытты қатар дамытуға мүмкіндік берді. Пациент қажетті диагностикадан өтіп, бейінді маманның консультациясын алып, әрі қарайғы емдеу тактикасын бір медициналық ұйым шеңберінде анықтай алады.

-Соңғы жылдары қандай жаңа жабдықтар мен технологиялар енгізілді?

-Клиниканың материалдық-техникалық базасын жаңарту – негізгі басымдықтардың бірі.

Қазіргі уақытта клиникада:

  • компьютерлік томограф;

  • магниттік-резонанстық томограф;

  • заманауи цифрлық рентген аппараты;

  • жылжымалы цифрлық флюорограф;

  • маммограф;

  • ультрадыбыстық және зертханалық диагностика жабдықтары қолданылады.

Клиниканың медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі шамамен 90%-ды құрайды. Бұл МӘМС және ТМККК аясында жүргізілетін зерттеулердің сапасын арттырып, диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейтеді.

Технологиямен қатар, оны пайдаланатын маманның кәсіби біліктілігі де маңызды. Клиникада кардиология және кардиохирургия бағыттарын дамытуға ерекше назар аударылып келеді.

-Мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардың бірлескен жұмысы халыққа қандай мүмкіндік береді?

-Мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардың бірлескен жұмысы, ең алдымен, пациенттердің таңдау мүмкіндігін арттырады.

Бәсекелестік медициналық ұйымдарды қызмет сапасын жақсартуға, технологияларды жаңартуға және мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге ынталандырады.

Жеке медициналық ұйымдарды МӘМС жүйесіне тарту медициналық көмектің бірыңғай жүйе аясында қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Бұл жерде ұйымның мемлекеттік немесе жеке меншік болуынан бұрын пациенттің мүддесі бірінші орында тұруы қажет.

-Алдағы уақытта қандай жаңа қызметтерді енгізу жоспарланып отыр?

-Біздің басты мақсатымыз – қызмет түрлерін жай ғана көбейту емес, пациентке қажетті медициналық көмекті бір жүйеге біріктіру.

Алдағы уақытта:

  • диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейту;

  • кардиология және кардиохирургия бағыттарын дамыту;

  • профилактикалық медицинаны күшейту;

  • ауруларды ерте анықтау мүмкіндіктерін арттыру жоспарланып отыр.

Цифрлық медицинаны дамытуға да басымдық беріледі. Болашақ медицинасының негізгі бағыты – ауруды асқынған кезде ғана емдеу емес, оны ерте анықтау, қауіп факторларын бағалау және адамның денсаулығын алдын ала бақылау.

Қазіргі уақытта клиникада пациенттерді қабылдау барысында «Qalqan» жүйесі қолданылуда.

-МӘМС жүйесін тиімді пайдалану үшін тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз? Цифрлық медицина бағытында қандай жобалар жүзеге асырылуда?

-Тұрғындарға, ең алдымен, МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тұрақты тексеріп отыруды ұсынар едім. Азамат өзінің мәртебесін біліп, тіркелген емханасы арқылы қажетті медициналық қызметті алу тәртібін алдын ала анықтағаны дұрыс.

Медициналық көмек қажет болған жағдайда өз бетінше диагноз қою немесе ем таңдау дұрыс емес. Дәрігерге жүгініп, медициналық көрсетілімдер негізінде әрекет ету маңызды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру қарқынды жүргізілуде. 2026 жылғы 12 шілдеден бастап денсаулық сақтау субъектілері үшін пациенттердің медициналық деректерін жинауға, өңдеуге және сақтауға, сондай-ақ электрондық медициналық жазбаларды қалыптастыруға арналған цифрлық жүйенің болуы міндетті талапқа айналды.

Клиникада цифрлық трансформация үдерісіне белсенді қатысуда. Біз үшін цифрландырудың мақсаты – электрондық жүйені жай ғана енгізу емес, дәрігер мен пациенттің уақытын үнемдеу, медициналық ақпараттың жүйелілігін қамтамасыз ету және көрсетілетін көмектің сапасын арттыру.

-Жасанды интеллект пен басқа инновациялық технологиялар диагностика және емдеу барысында қолданыла ма?

-Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды. Ол – маманның шешім қабылдауына көмектесетін қосымша технология.

Әлемдік медицинада жасанды интеллект диагностикалық кескіндерді талдау, қауіп факторларын анықтау, медициналық ақпаратты жүйелеу және пациенттердің жағдайын динамикалық бақылау бағыттарында пайдаланылып келеді.

Клиникада «Сабина» роботы жасанды интеллект көмегімен тіркелген тұрғындарға телефон шалып:

  • флюорографиялық тексеруге;

  • скринингтен өтуге;

  • балаларды профилактикалық күнтізбелік екпелерге шақырады.

Сонымен қатар КТ және МРТ зерттеулерінің қорытындыларын талдап, нақты әрі дәл диагноз қоюға көмектесетін Med AI жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Дегенмен қандай технология қолданылса да, соңғы клиникалық шешімді білікті дәрігер қабылдауы керек.

-Пациенттер МӘМС аясында жоғары технологиялық операцияларды қалай ала алады?

-Жоғары технологиялық операция пациентке медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жасалады.

Алдымен пациент тіркелген емханасына немесе медициналық ұйымға жүгінеді. Қажетті тексерулерден өткеннен кейін бейінді дәрігердің қорытындысы негізінде жоғары технологиялық медициналық көмекке қажеттілік анықталады.

Жоспарлы жоғары технологиялық медициналық көмек МӘМС жүйесінде тиісті аурулар тізбесі мен медициналық көрсетілімдерге сәйкес көрсетіледі. Қажет болған жағдайда пациенттің медициналық құжаттары арнайы комиссияның қарауына жіберіледі. Оң шешім қабылданса, пациенттің әрі қарайғы медициналық маршруты рәсімделеді.

Сондықтан операцияны өз бетінше іздеудің қажеті жоқ. Ең алдымен дәрігерге қаралып, нақты диагноз бен медициналық көрсетілімдерді анықтау қажет. Одан кейін медициналық ұйым пациентті тиісті маршрут бойынша бағыттайды.

Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.

Подписывайтесь и следите за нашими новостями в социальных сетях

Последние новости

Вчера
15 сентября