Новости

МӘМС – сапалы медициналық көмектің кепілі

Вчера, 05:17
7 мин. чтения
104
МӘМС – сапалы медициналық көмектің кепілі
МӘМС

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгеніне биыл алты жыл толды. Осы уақыт ішінде денсаулық сақтау саласында ауқымды өзгерістер жүзеге асып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай жақсарды.

2026 жылдың алғашқы алты айында Түркістан облыстық филиалының атқарған жұмыстары, МӘМС жүйесіндегі негізгі өзгерістер, сақтандырылмаған азаматтардың мәселесі және алдағы жоспарлар туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовпен сұхбаттастық.

– Қазір Түркістан облысында МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған қанша адам бар?

– Бүгінде Түркістан облысында медициналық ұйымдарға 2 085 921 тұрғын тіркелген. Оның ішінде 1 779 672 адам немесе 85,3 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Ал 306 249 тұрғын (14,7%) сақтандырылмаған. Олардың 247 945-і немесе 80 пайызы ауылда тұрады.

2024 жылдың қаңтар айында МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 410 950 адамды құраса, 2026 жылдың маусымында бұл көрсеткіш 302 631 адамға дейін төмендеді. Яғни, сақтандырылмаған азаматтар саны 26,4%-ға, немесе 108 319 адамға азайды.

2024–2026 жылдардағы көрсеткіштерге жүргізілген талдау әр жылдың қаңтар және шілде айларында сақтандырылмаған азаматтар саны көбейетінін көрсетті.Бұған бірнеше себеп бар. Атап айтқанда, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істейтін тұлғалардың алты айға алдын ала төлеген МӘМС жарналарының мерзімі осы кезеңде аяқталады.

Облыста мыңнан астам білім беру ұйымында 80 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Талдау барысында кейбір білім беру ұйымдарында ұзақ мерзімді еңбек демалысы кезеңінде қызметкерлер үшін МӘМС жарналары ай сайын емес, уақытылы төленбейтіні анықталды. Соның салдарынан көптеген педагог пен қызметкер сақтандырылған мәртебесінен айырылып отыр.

Сонымен қатар жұмыс берушілердің қызметкерлер туралы мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерге уақытында енгізбеуі де сақтандыру мәртебесінің өз уақытында жаңартылмауына әсер етеді. Құзырлы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер де тұрақты түрде жаңартылып отырмаса, азаматтың МӘМС мәртебесі тоқтатылуы мүмкін.

Тағы бір өзекті мәселе – мемлекет есебінен сақтандырылатын 14 жеңілдік санаты бойынша мәліметтердің толық әрі уақытылы жаңартылмауы. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректер базасының басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен толық интеграцияланбауына байланысты туындап отыр.

Соңғы уақытта жұмыссыз жүкті әйелдердің сақтандырылған мәртебесін алу мәселесі де жиі көтерілуде. Заңнамаға сәйкес, жүкті әйел 12 аптаға дейін емханаға тіркелгеннен кейін 3–5 жұмыс күні ішінде «жұмыссыз жүкті әйел» мәртебесін алуы тиіс. Алайда Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерінің ақпараттық жүйелері арасындағы интеграцияның толық болмауы мен техникалық ақаулардың салдарынан бұл процесс кейде кешігеді. Бұл жүкті әйелдердің маңызды медициналық тексерулерден уақытылы өтуіне кедергі келтіріп, ана мен бала денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Осы жылдың басынан бері Қорға CRM желісі арқылы жеңілдік санаттар уақытша сақтандырылған статусын алуы үшін жалпы 203 өтініш жолдаған. Оның ішінде, жүкті әйелге қатысты 150 өтініш қаралып, заң талаптарына сәйкес келген 8 адамға жұмыссыз жүкті әйел мәртебесі 1 айға уақытша берілген.

Жұмыспен қамтылмаған сақтандырылмаған азаматтардың саны 177 413 адамды құрады. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 13 059 адамға көп. Сонымен бірге Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Түркістан қаласындағы филиалы, «РЕНЕКО КАЗАХСТАН» жеке мекемесі, «SMART — OIL» ЖШС, «SK GeoKart» ЖШС   5706 қызметкер үшін МӘМС жарналарын әлі күнге дейін төлемеген.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың маусым айынан бастап жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға және мемлекеттік мекемелерге жеке кабинеттері арқылы МӘМС бойынша берешек туралы хабарламалар жолдай бастады. Егер хабарлама жіберілгеннен кейін 30 күн ішінде берешек өтелмесе, заңнамаға сәйкес есепшоттарға шектеу қойылады. Ал салық органдарына уақытында жүгінген жағдайда бұл мәселе шешіледі.

Қор сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен, жұмыспен қамту бөлімдерімен және медициналық ұйымдармен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – әрбір тұрғынды МӘМС жүйесіне тартып, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету.

– Биылдан бастап МӘМС жүйесінде қандай маңызды өзгерістер енгізілді?

– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жергілікті бюджет есебінен азаматтардың жаңа санаттары үшін медициналық сақтандыру жарналары төлене бастады.

Жаңа өзгерістер екі санаттағы азаматтарды қамтиды. Біріншісі – жұмыспен қамту орталықтарында ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар. Екіншісі – әлеуметтік әл-ауқатының дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейіне жататын, жұмыс істемейтін әрі соңғы үш ай ішінде міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған азаматтар. Бұл – бұрын мемлекет есебінен сақтандырылмай келген, бірақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін жаңа санат.

Ресми жұмыссыздардың МӘМС жарналары жергілікті бюджеттен автоматты түрде ай сайын төленеді. Ал D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке алғаш рет жүгінген сәттен бастап сақтандырылып, келесі жылдың осы кезеңіне дейін, бір жылға олардың жарналары жергілікті бюджет есебінен аударылады.

Жұмыссыз адамдар бойынша деректерді, сондай-ақ әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық немесе шұғыл деңгейіне жататын жұмыс істемейтін адамдар бойынша мәліметтерді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қалыптастырады және қорға береді. Яғни, Қор осы жеңілдіктегі санаттарды қалыптастырмайды, бірақ Еңбек министрлігінің тізіміндегі адамдарға шартты түрде 3 айға мәртебе беріледі.

Осыған байланысты медициналық ұйымдар ресми жұмыссыздар мен D және E санатына жататын азаматтарды дер кезінде анықтап, олардың МӘМС жүйесі арқылы медициналық көмек алуына жағдай жасауы қажет.

Бүгінде Түркістан облысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 72 051 ресми жұмыссыз азамат үшін 425,5 млн теңгеден астам МӘМС жарнасын төлеген. Ал D және E санатындағы медициналық көмекке жүгінген 796 азаматқа 4,7 млн теңге көлемінде жарна аударылды.

Маусым айының қорытындысы бойынша облыста D санатында – 78 563, E санатында – 16 471 азамат тіркелген. Жалпы саны 95 034 адам, бұл өңірдегі сақтандырылмаған тұрғындардың шамамен 31 пайызын құрайды.

– Биыл Қормен қанша медициналық ұйым келісімшарт жасасты? Бұл өткен жылмен салыстырғанда өзгерді ме?

– Биыл Түркістан облысында 186 медициналық ұйыммен медициналық қызмет көрсету жөнінде келісімшарт жасалды. Оның ішінде мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар бар.

Өткен жылы Қормен 196 медициналық ұйым жұмыс істеген болса, биыл олардың саны 186-ға дейін қысқарды.

Дегенмен, Қор үшін медициналық ұйымдардың саны емес, ең алдымен көрсетілетін қызметтің сапасы маңызды. Сондықтан келісімшарт жасау кезінде ұйымдардың материалдық-техникалық базасы, кадрлық әлеуеті және лицензиялық талаптарға сәйкестігі жан-жақты бағаланады.

– Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына көрсетілетін медициналық көмек қалай қаржыландырылады?

– Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына медициналық көмек Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылады.

2026 жылы Түркістан облысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның басым бөлігі ауылдық жерлердегі емханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың қызметін қаржыландыруға бағытталды.

Қазіргі таңда облыста 1,6 миллионнан астам ауыл тұрғыны алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына тіркелген. Сонымен қатар 247 500 мектеп оқушысы профилактикалық медициналық тексерулерден өтіп, қажет болған жағдайда бейінді мамандардың қабылдауына жіберіледі.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сайрам, Сарыағаш, Жетісай және Ордабасы аудандық ауруханалары көпбейінді орталық аудандық ауруханалар деңгейіне көтерілді.

Соның нәтижесінде бұрын тек облыс орталығында көрсетілген бірқатар жоғары технологиялық медициналық қызметтер бүгінде аудан тұрғындары үшін де қолжетімді болды. Бұл әсіресе шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік беріп отыр.

Аталған ауруханалар кезең-кезеңімен заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бүгінде оларда инсульт орталықтары, интервенциялық кардиология бөлімшелері, травматология, хирургия, оңалту, паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен қатар КТ, МРТ, ангиограф, мобильді ангиограф және сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараттары орнатылған.

Қор мәліметінше, осы жоба аясында аталған төрт аудандық ауруханаға 2025 жылы ТМККК шеңберінде 844 млн теңгеден астам, ал 2026 жылы 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да тұрақты түрде жаңартылып келеді. Бұдан бөлек, 13 мобильді медициналық кешен шалғай елді мекендерге барып, жыл сайын 239 мыңнан астам тұрғынды профилактикалық тексеруден өткізеді.

МӘМС жүйесінің арқасында ауыл тұрғындары компьютерлік және магниттік-резонанстық томографиядан, қымбат диагностикалық зерттеулерден, бейінді мамандардың кеңесінен, жоспарлы операциялар мен медициналық оңалтудан қосымша ақысыз өте алады.

Алдағы уақытта ауыл медицинасын дамыту, кадр тапшылығын азайту, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және профилактикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасады.

– Шетел азаматтары Қазақстанда медициналық көмекті қалай ала алады? Олар үшін қандай тәртіп қарастырылған?

– Соңғы уақытта Қорға Қазақстанда тұратын шетел азаматтарынан МӘМС жүйесіне қатысты сұрақтар жиі түсуде.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) бар шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және қандастар МӘМС жүйесінде Қазақстан азаматтарымен бірдей құқықтар мен міндеттерге ие.

Шетел азаматы тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін оның мәліметтері мемлекеттік ақпараттық жүйелерге енгізіледі. Осы ақпарат негізінде МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі қалыптастырылады. Бұдан кейін азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркеліп, заңнамада көзделген тәртіппен медициналық көмекті пайдалана алады.

Балаларға көрсетілетін медициналық көмек мәселесіне тоқталсақ, азаматтығына қарамастан барлық балаға жедел және шұғыл медициналық көмек тегін көрсетіледі.

Егер шетел азаматы Қазақстанда тұрақты тұрса немесе уақытша тұруға рұқсаты болып, МӘМС жүйесіне қатысса, оның баласы да сақтандыру аясындағы медициналық қызметтерді толық көлемде пайдалана алады.

Ал елімізде уақытша жүрген шетел азаматтарының балалары жоспарлы медициналық көмекті, негізінен, ақылы түрде немесе ерікті медициналық сақтандыру полисі арқылы алады.

Яғни, шұғыл медициналық көмек барлық балалар үшін қолжетімді болса, жоспарлы ем алу азаматтың құқықтық мәртебесіне және МӘМС жүйесіне қатысуына байланысты жүзеге асырылады.

https://adilet-partiyasy.kz/kz
Подписывайтесь и следите за нашими новостями в социальных сетях
Ошибка в тексте? Сообщите нам. Выделите ошибку и нажмите Ctrl + Enter

Последние новости

Сегодня