МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту барысында кездесіп жатқан мәселелерге қатысты сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Лаура Ділдәбекқызымен сұхбат барысында жауап алған едік.
– Түркістан облысында МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша медициналық ұйымдарға тіркелген тұрғындар саны 2 миллионнан асады. Оның ішінде 1,7 миллионнан астам адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Бұл – тұрғындардың 85,7 пайызы. Ал 298 мыңнан астам азамат сақтандырылмаған.
Өткен жылмен салыстырғанда сақтандырылмағандар саны азайды. Мысалы, 2025 жылдың мамырында бұл көрсеткіш 391 мыңнан асса, биыл 298 мыңға дейін төмендеді. Яғни, бір жылда 92 мыңнан астам адам жүйеге қосылды.
Қазіргі таңда Созақ, Бәйдібек, Арыс аудандарында халықтың МӘМС жүйесіне қатысу деңгейі жоғары. Ал Мақтаарал, Сауран, Сайрам аудандарында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Д және Е санаттарына жататын азаматтар мен ресми жұмыссыздар жергілікті бюджет есебінен МӘМС жүйесіне енгізілді. Бірақ медициналық көмекке жүгінбеген азаматтардың шартты мәртебесі автоматты түрде тоқтатылып жатыр.
Сондықтан жеңілдік санатында болса да, сақтандырылмаған болып қалған азаматтар кездеседі. Мұндай жағдайда тұрғындар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгініп, мәртебесін нақтылауы керек.
– МӘМС жүйесіне тұрақты төлем жасамайтындар бар ма?
– Иә, ондай жағдайлар кездеседі. МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін азаматтың соңғы 12 айдағы төлемдері үздіксіз жүргізілуі қажет.
Егер жарна немесе аударым уақытылы төленбесе, азамат сақтандырылған мәртебесінен айырылып, кейбір медициналық қызметтерді ала алмай қалады.
Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттік және жекеменшік мекемелер қызметкерлері үшін төлемдерді уақытында аудармайды. Соның салдарынан адамдар медициналық көмекке жүгінген кезде ғана мәртебесінің жоқ екенін біліп жатады.
Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай жағдайларға бақылауды күшейтті. Берешегі бар азаматтар мен жұмыс берушілердің жеке кабинеттеріне арнайы хабарламалар жолдануда. Егер төлем уақытында жүргізілмесе, өсімпұл есептеледі.
– Ұзақ мерзімді еңбек демалысында МӘМС қалай төленеді?
– Егер қызметкер бір айдан ұзақ мерзімге ақылы еңбек демалысына шықса, МӘМС төлемдерін дұрыс бөлу өте маңызды.
Мысалы, қызметкер екі ай демалыста болса, жұмыс беруші төлемді бір рет аударғанымен, оны айлар бойынша бөлек көрсетуі керек. Яғни, тамыз бен қыркүйекке арналған төлем жеке-жеке есептелуі қажет.
Егер бұл дұрыс рәсімделмесе, қызметкердің жүйеде берешегі пайда болып, сақтандырылған мәртебесі тоқтап қалуы мүмкін.
Сондықтан бухгалтерия қызметкерлері МӘМС аударымдарын әр кезеңге бөліп төлеуі қажет.
– Пациенттің құқығы бұзылса, қайда жүгіну керек?
– Көп жағдайда тұрғындар бірден Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласады. Бірақ әрбір емхана мен ауруханада пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейтінін біле бермейді.
Бұл қызмет пациенттердің арыз-шағымдарын қарап, медициналық көмектің сапасына бақылау жүргізеді. Егер пациент дәрігердің қабылдауына, емнің сапасына немесе МӘМС мәртебесіне қатысты мәселеге тап болса, алдымен осы бөлімге жүгіне алады.
Сонымен қатар Қордың ресми сайты msqory.kz мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы да өтініш қалдыруға болады.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында облыста медициналық ұйымдарға тұрғындардан 309 арыз-шағым түскен. Көбіне медициналық көмектің сапасы, ұзақ күту, дәрі-дәрмек бермеу және дәрігер этикасына қатысты мәселелер көтерілген.
– Оқушыларға МӘМС арқылы қандай медициналық қызметтер көрсетіледі?
– Оқушылар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылған. Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді.
Сондықтан балалар дәрігер қабылдауын, анализдер мен тексерулерді, стоматологиялық қызметтерді, оңалтуды, стационарлық емді және жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін ала алады.
Мектеп медицинасы аясында балалар профилактикалық тексеруден өтеді, екпе алады және денсаулығына бақылау жүргізіледі.
Жазғы демалыс кезінде балалар толық медициналық тексеруден өтіп, қажет болса оңалту емдерін де ала алады. Мысалы, массаж, физиотерапия, емдік дене шынықтыру секілді қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі.
Егер бала мектепте медициналық тексеруден өтпей қалса, оны тіркелген емханасында өте алады.