Шардара ауданында МӘМС жүйесі енгізілгелі айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Халық денсаулығын қорғау, аурудың алдын алу үшін және науқастардың емделуі үшін емханалар мен ауруханаларда толық жағдай жасалған. Біріншіден, медицина саласын қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып келеді. Сонымен қатар, пациенттің төлеген жарна көлеміне қарамастан медициналық көмектің барлық түрлерін алуына мүмкіндік берді. Оның ішінде, жоспарлы стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту,жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту, консультациялық-диагностикалық көмек, медбике күтімі мен паллиативтік қызметтер бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы кез келген азамат Қазақстан аумағында өзі таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала алады. Бастысы мекеме Қордың жеткізушісі болуы шарт.
Қазір ауыл тұрғындарының алысқа бармай-ақ денсаулығын дұрыстауға, түрлі аурулардың алдын алуға бар жағдай жасалған. Аудандық ауруханада соңғы үлгідегі КТ, УДЗ, бейнелі фиброгастродуоденоскопия, колоноскопия, автоматты қан анализаторымен жабдықталған. МӘМС аясында сақтандырылған науқастар медициналық зерттеулер бойынша облыс орталығына сабылмай жергілікті жерден ала алады. Ағымдағы жылдың 7 айында - 512 науқасқа МӘМС аясында ота жасалып, КТ аппаратына-1463 науқас түсірілген және жоспарлы түрде 2779- науқас емделген. Жалпы, пациентке көрсетілген қызмет ақысын Қор төлейді.
Медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидасының бірі – әрбір пациенттің өз денсаулығына жауапкершілігін арттыруды көздейді. МӘМС жүйесі пациентпен медициналық ұйым арасында кері байланысты орнатып, қызметті сапалы алуына септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтардың қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік береді.
М.Сейтханов, Шардара аудандық орталық ауруханасының басшысы.