Түркістан облысы бойынша тұрғындардың басым бөлігі ауылды жерде қоныстанған. Жергілікті халық негізінен маусымдық жұмыспен айналысады. Осы ретте, тұрақты жұмыстың болмауына байланысты тұрғындар МӘМС жүйесіне толығымен қамтылмай жатқан себептер кездеседі.
Аталмыш мәселеге қатысты және ауруды диагностикалау, дәрігер кеңесі, қымбат операция қажет болса ауыл тұрғындары қайда жүгіну керектігі жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев кеңінен айтып берді.
-Жалпы, ауыл тұрғындарына қанша медициналық ұйым қызмет көрсетеді?
- Ағымдағы жылы Қор филиалы 39 медициналық ұйыммен алғашқы медициналық-санитарлық көмек (аудандық емханалар) көрсетуге шарт жасады. Оның ішінде, жекеменшік медициналық ұйымдар 21 құрады. Ауылды жерде стационар қызметін 24 мекеме көрсетеді.
-Ауыл тұрғынының МӘМС жүйесіндегі қызметтер бойынша бағдарына тоқталсақ...
-Ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық көмек алу үшін алдымен учаскелік дәрігерге барады. Әр елді мекенде дәрігерлік амбулатория немесе медициналық пункт жұмыс жасайды.
Дәрігер оның жағдайын бақылап, ем тағайындайды немесе бейінді маманның кеңесін алуға аудандық ауруханаға жолдама береді. Шұғыл жағдайда тұрғынды ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізіледі.
Пациент гастроэнтерологке жолдама алды делік. Енді ол дәрігер кеңесіне аудандық аурухананың тіркеу орнына қоңырау шалу арқылы немесе оның медициналық ұйымына енгізілген медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы арқылы жазыла алады. Қарияларға бұл жағдайда ауылдық медбике көмектеседі.
Егер пациент МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушы болса, қабылдауға жазылып, ары қарай диагностикадан өтеді. Оның қорытындысы бойынша, ем тағайындалып, қажет болса, операцияға жіберіледі. Бұл жағдайда қажет тексерілулер кешені жүргізіледі. Дәрігер пациентті Емдеуге жатқызу бюросы арқылы тіркеп, ота жасайтын күнді таңдайды.
-Мәселен, аудандық ауруханада пациентке қажетті медициналық қызмет болмаса не істеуі керек?
-Қандай да бір бейінді маман немесе қажетті диагностикалық қызмет болмаған жағдайда пациентті қалаға, аурухамен бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымға жібереді. Сондай-ақ, азаматтар Қордың деректер базасында тұратын және МӘМС бойынша көрсетілетін керек қызметтерді, клиниканы өздігінен таңдай алады.
Бұл ретте оған шарттың жоқтығына сілтеме жасай отырып, жолдама беруден бас тартуға құқығы жоқ. Себебі шарт жазбаша жолдама мен көрсетілген қызмет негізінде автоматты түрде толтырылады.
Аудан, қалалардағы орталық ауруханалар мен емханалар ультрадыбыстық және рентгендік жабдықтармен толық жабдықталған. Сонымен қатар, зертханалар толыққанды жұмыс істейді. КТ және МРТ аппараттары қалалық клиникаларда ғана бар, сондықтан ауыл тұрғындары бұл тексерулерге қалаға жіберіледі. Пациент жолдама алған соң, қажетті клиникаға қоңырау шалып, МӘМС аясында диагностикаға жазылады.
-Жүкті әйелдерді бақылау қалай жүргізіледі?
-Дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттерде зертханалар жұмыс істейді. Жүкті әйелдер онда барып анализдер тапсыра алады. Олар жергілікті акушердің бақылауында болады. Ал акушер болмаған жағдайда, аяғы ауыр әйелдер ай сайын аудандық ауруханаға жоспарлы түрде барып, қажетті тексерулерден өтеді.
Егер шұғыл медициналық көмек керек болса, әйел жедел медициналық көмекті шақырады. Олар қажет деп тапса, аудандық ауруханаға жеткізеді.
-Стоматологиялық қызметтер ауыл тұрғындары үшін қаншалықты қол жетімді болды?
- Айта кетерлігі, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер стоматологиялық қызметтерді жоспарлы түрде алады. Ал, шұғыл стоматологиялық қызметтерді 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; мүгедектер; "Алтын алқа", "Күміс алка" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; жасы бойынша зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттер; мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыссыздар; I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыссыздардың алуына болады. Бұл санаттар сақтандырылған азаматтар ретінде МӘМС жүйесіндегі стоматологиялық қызметтерді алуына мүмкіндігі бар.
Бүгінде Қор филиалымен 83 стоматологиялық мекеме шарт жасасып, аудан орталықтары мен қалаларда қызмет көрсетеді. Стоматологқа бару үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Сондықтан тиісті санаттағы ауыл тұрғыны МӘМС аясында пациенттерді қабылдайтын стоматологияны өз бетінше таңдай алады (клиникалардың тізбесін Қордың сайтында "Медициналық көмекті сатып алу" - "Консультативно-диагностикалық қызмет жеткізушілері" бөлімінен көруге болады: https://fms.kz/zakupki/postavshchiki-kdu-uslug/), және қажет емге жазыла алады.
-Науқастың оңалту шараларынан өту тәртібі қалай?
-Науқасқа оңалту курсын реабилитолог маман немесе реабилитациялық комиссия тағайындайды. Аудандық ауруханаларда күндізгі стационар деңгейінде оңалтудың үшінші кезеңі жүргізіледі. Оған емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж кіреді. Дегенмен, пациенттің қалауы бойынша кез-келген қалада оңалту емін алуға болады. Алдымен оңалту орталығы таңдаған мүмкіндіктер мен кестені нақтылау маңызды.
Оңалту қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілетіні көпшілікке мәлім. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етеді. Операциядан кейін әркім өз қалтасынан жүздеген мың теңгеге оңалтудан өте алмайды, ал көптеген адамдар жыл сайын бірнеше оңалту курсынан өтуі керек. Ал МӘМС есебінен қабілеттерін қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын тегін арттыруға болады.
-Профилактикалық тексеру жұмыстары қалай атқарылып жатыр?
-Әдетте, аудан әкімдіктері мен емхана меңгерушілері бұл жұмысты жыл басында бекітілген кесте бойынша жергілікті тұрғындарды медициналық тексеруден өткізу туралы бұйрыққа сәйкес жүзеге асырады. Осылайша, жергілікті халықтың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Профилактикалық тексерулер негізінен жүрек-тамыр жүйесі, несеп жүйесі ауруларының, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің, созылмалы ауруларының ерте кезеңдерін анықтауға бағытталған. Онкологиялық скринингтер жүргізіледі. Сондай-ақ, мектеп медицинасын жүзеге асыру аясында балаларды профилактикалық тексеру қарастырылған.
Бұдан бөлек, ауыл халқын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуде көлік медицинасын дамытуға үлкен көңіл бөлініп, жылжымалы медициналық кешендер, «Денсаулық пойыздары», санитарлық авиация халыққа қызмет көрсетеді. Бұл жергілікті азаматтардың ешқайда шықпай, бір жерде бірнеше бейінді дәрігердің қабылдауына кіруге мүмкіндік береді.
-МӘМС жүйесіне тұрғындардың қамтылу жайы қалай болып жатыр?
-Барлық сақтандырылған азаматтар төлеген жарна мөлшеріне қарамастан МӘМС тізіміне кіретін медициналық көмектің қажетті көлемінде алуға құқылы. Дейтұрғанмен, облыс тұрғындарның басым бөлігі ауылда тіршілік етеді. Яғни, өзің өзі жұмыспен қамтып, не болмаса мауысмыдық жұмыспен айналысатыны бар. Сондықтан да тұрғындардың тұрақты табысы болмағандықтан МӘМС жүйесінен шығып қалу жайттары кездеседі.
Мәселен, биылғы жылдың наурыз айындағы ақпарат бойынша 1 668 565 адам МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесіне ие болды. Ал, 362 981 жүйеге тиісті төлемді төлемеуіне байланысты шығып қалды.
Осы ретте, ауыл тұрғындары үшін МӘМС жүйесіне қатысудың тиімді жолдары қарастырылған. Мәселен, дербес төлеуші ретінде айына 3500 теңгеден төлеп, сақтандырылған мәртебесіне ие болады. Сонымен қатар, БЖТ қолайлы және ол жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы төлемдерін және МӘМС жарналарын қоса алғанда, ай сайын небәрі 1 725 теңге (0,5 АЕК) төлейді.Ең бастысы төлемдерді тұрақты төлеп тұрса, жүйедегі мәртебесін жоғалтпайды.