Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері орын алып жатқан оңды өзгерістер мен медициналық ұйымдардың даму қарқыны жайлы Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Бақытжан Мырзәліұлы, жүйенің енгізілуі медицина саласына қандай өзгерістер алып келді?
-МӘМС жүйесі халыққа көптеген мүмкіндік алып келді. Әсіресе, мемлекет есебінен әлеуметтік жағдайына байланысты халықты 15 жеңілдік санатқа бөліп, жүйеге қатыстыру оңтайлы әдіс болды. Яғни, тұрғындарға жаппай қымбат медициналық қызметтерді қолжетімді етті. Оның ішінде, КТ, МРТ, ангиография, туа бітті және жүрекке қатысты күрделі оталарды жасауға жағдай жасалды.
Сонымен қатар, емхана жұмысын бір жүйеге келтірді. Мәселен, учаскелік дәрігерде 2000-2500 адам болса, бүгінде 1700 адамға азайды. Нәтижесінде, учаскеде тіркелген науқастарға көрсетілетін қызмет сапасы жақсарды. Яғни, дәрігерлердің науқастарды қабылдау барысында кезекті азайтуға септігін тигізеді.
Ең маңыздысы – МӘМС жүйесі Мемлекеттің, медициналық ұйымның және адамның денсаулыққа деген жауапкершілігін арттырды. Яғни, жұмыс берушінің жұмысшыға, медициналық ұйымның қызмет сапасын жақсартуға, адамның өз денсаулығына көңіл бөлуді мақсат етті.
Жұмсалатын шығындарға байланысты диагноздар жіктеліп, бөлінген қаржыны дұрыс жолға жұмсауға басымдық берілді. Мысалы, бұған дейін қаншама оталар жасалса да, қаржы көлемі бекітілген мөлшерден аспайтын. Бүгінде медициналық ұйымдарда жаңаша қызмет түрлері енгізіліп, қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып келеді. Медициналық ұйымдарда бұрын-соңды жасалмаған оталар қолға алынды. Демек, жүйе медициналық ұйымның жұмыс істеу тәсілін өзгертті. Аудан, қалаларда кездесе бермейтін лапароскопиялық хирургия күнделікті жұмысқа қолданылып жатыр. Бұл оталар тек облыс орталықтарында жасалатын еді.
-МӘМС жүйесін жетілдіру үшін қандай толықтырулар енгізсе болады?
-МӘМС жүйесі бойынша дерекқордың жұмысын бір мекемеге тапсырған дұрыс. Мәселен, өзің-өзі жұмыспен қамтыған, табысы бар адамдар көп. Бірақ, МӘМС жүйесіне жарна төлеуге келгенде жалқаулық танытады. Осы ретте, әлеуметтік төлемдерді біріктіретін ортақ төлем тетігін енгізу керек. Бұл тәсілдің әлеуметтік төлемдерді тұрақты түсіруге ықпалы зор болады. Сондай-төлемдердің тұрақты түсуін қадағалау Мемлекеттік кірістер басқармасының тікелей қадағалауында болуы керек. Сонда ғана МӘМС жүйесіне қатысушылар саны көбейіп, мәртебелері тұрақты сақталатын болады.
– Жалпы, МӘМС жүйесінде қызмет алу тәртібі қалай жүргізіледі?
– Жалпы, елімізде медициналық көмек қос пакет бойынша көрсетіледі. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Ол жедел және шұғыл көмек көрсетуге, сонымен қатар қоғамдық маңызы бар ауруларды бақылауда ұстауға бағытталған. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тегін көмек пакетін Қазақстанда тұратын барлық азамат пен елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алады. Екіншісі – сақтандыру пакеті өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының негізін қалауға бағытталған.
Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал, егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.
Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық қызмет түрлері, оңалту және денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері кіреді. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.
– Жедел араласуды қажет ететін, белгілі-бір топқа жататын ауруға шалдыққан адамдар бұрынғыша тегін емделеді дедіңіз. Ал, қалған сырқаттарды емдеу, диагностикалық көмек сақтандыру пакетіне енеді ғой?
-Иә, дұрыс айтып отырсыз. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген көмек бұрынғыдай сақталады десек, қателеспейміз. Жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Бір қызмет пациенттің жағдайына қарай тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетілуі мүмкін. Мысалы, егер пациент шұғыл көмекті қажет ететін болса көмек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, ал, жоспарлы көмек МӘМС есебінен көрсетіледі. Осының ара-жігін ажырата білген жөн.
-Алдағы уақытта жедел жәрдем қызметінде қандай өзгерістер болады?
–Өздеріңізге белгілі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы, Денсаулық сақтау Министрілігімен, облыс әкімдігімен, Индустрия дамыту қорымен, облыстық жедел жәрдем станциясы бірлесе отырып 2022 жылы желтоқсан айында жедел жәрдем станциясына 13 санитарлы автокөлік Хундай маркалы H-350 алынған. Екі санитарлық автокөлік «Largus» маркалы Отырар ауруханасына тапсырылды.
Былтыр заманауи үлгідегі Облыстық жедел жәрдем ғимараты салынды. Жұмыс сапасын арттыру және жылдам қолжетімділік үшін Түркістан облысы бойынша аудандар мен қалалар жедел жәрдем кіші бекетттерінде қосымша желілік бригадалар ашылды.
ҚР Денсаулық сақтау Министрінің бұйрығы негізінде биыл арнайы кардиологиялық және балалар бригадаларды ашуды жоспарлап отырмыз.
Жалпы 2023-2024 жылдар аралығында жедел жәрдем медициналық қызметкерлерінің сапалы көмек көрсету мақсатында біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу үшін шетелде оқытуға көңіл бөлудеміз.