-Нұрлан Икрамұлы, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз...
-Бүгінгі таңда елімізде жоспарлы медициналық көмек толығымен МӘМС есебінен көрсетіледі. Оған – ағымдағы жылы халыққа көрсетілген медициналық көмек көлемі дәлел. Жалпы, 2024 жылы облыс бойынша 183 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалды.Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы бюджеті – 227,1 млрд теңге. Оның 112,4 млрд теңгесі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне, 113,6 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі. Яғни, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруды есепке алғанда қаржыландыру 7 пайызға артты (2023 жыл – 211,7 млрд тг).
Сонымен қатар, 2020 жылдан бері жоспарлы медициналық көмек қана емес, сақтандырылған тұрғындарға көрсетілетін шұғыл медициналық көмек те МӘМС арқылы қаржыландырыла бастады. Ал, сақтандырылмаған азаматтарға шұғыл көмек бұрынғыша мемлекеттік тапсырыс арқылы көрсетіледі. Мысалы, осы жылдың 5 айында сақтандырылған түркістандықтарға көрсетілген шұғыл көмекке 20,5 млрд теңге жұмсаған.
Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС шеңберінде халыққа көрсетілген қызмет ақысын төлейтін қаржы операторы. Яғни, келісімшарт белгілі бір сомаға бекітіледі, клиника сол сомаға жыл бойы қызмет көрсетеді. Артық тұтынуды болдырмас үшін медицина ұйымдары көрсетілетін қызмет көлемін әр айға бөліп отыруы тиіс.
Сонымен қатар, Қор көрсетілген қызметтердің сапасын тексереді және қызмет ақысы тиісті мониторингтен кейін ғана төленеді. Әдетте, мониторинг барысында стандарттар мен нормативтерден ауытқу сынды ақаулар анықталып жатады. Емдеу мекемелеріне айыппұл салынады, көрсетілген қызмет сомасы толығымен немесе оның белгілі бір бөлігі Қорға қайтарылады. Ал, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазған (приписка) клиникалар үш есе айыппұл салынады. Мұны пациенттердің құқығын қорғап, қызмет сапасын арттыруға бағытталған шара деп қабылдаған жөн.
-Жалпы қандай медициналық көмектерге сұраныстар артып келеді?
-Қор филиалы Түркістан облысының тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге 227,1 млрд теңге төленеді. Бүгінде қаржыландырудың басым бөлігі консультативтік-диагностикалық қызметтерге 20%, ауыл тұрғындарына стационарлық және стационарды алмастыратын көмектерге 8% төленді.
Пациенттер тарапынан үлкен сұранысқа ие қызметтің бірі – медициналық оңалту, оған қаржының 12% жұмсалды.
-Жоғары технологиялы медициналық қызметтер бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде білгіміз келеді...
-Медицинада жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляциялардың алатын орны ерекше. Ағымдағы жылдың басынан бері Түркістан облысында осындай оталарға 465,8 млн теңге жұмсалды.
Күн сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия, т.б. профильдер бойынша жүздеген операциялар жасалып жатыр. Осындай бір ғана отаның құны орташа алғанда бірнеше миллионды құрайды. Мысалы, 2024 жылдың 5 айында Түркістан облысында 33 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 196,3 млн теңге төленген. Сонымен қатар, 231,8 млн теңгеге 41 нейрохирургиялық ота жасалған.
Жалпы, бұл шаралар МӘМС жүйесінің есебінен жасалып жатыр. Яғни, сақтандырылған азаматтардың қалтасынан шығатын шығын едәуір қысқарып, осынша қызметті тегін пайдаланып отыр.
-Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
-Ағымдағы жылы пациенттерді тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 5,9 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгінге дейін 580,5 мың рецепт бойынша тегін дәрі берілген. Дәрі-дәрмек 35 түрлі дерт бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастарға берілген. Сондай-ақ, МӘМС пакеті шеңберінде ересектерге 25 нозология, балаларға 28 нозология бойынша тегін дәрі беріледі.
-Тұрғындарды жүйеге қатыстыруға байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, жергілікті аудан, қала әкімдіктерінің міндеттеріне МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту шараларын ұйымдастыру жүктелген.
Осы ретте, облыс әкімнің өкімімен өңірлік штаб құрылды. Штаб құрамында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, жұмыспен қамту орталығы және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, мемлекеттік кірістер департаменті, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы, әлеуметтік сақтандыру қорының филиалы, адами әлеуетті дамыту басқармасы және т.б.
Отбасылық цифрлық картасы ақпараттық жүйесінен жүктелген А, В, С, D, Е санаттары бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған халық туралы мәлiметтер жергілікті атқарушы органдарға жолданып, талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Түркістан облысы бойынша медициналық ұйымдарға тіркелген тұрғындар саны – 2 061 680 адамды құраса, оның ішінде, сақтандырылмаған 402 776 адамды құрады.
Түркістан облысы бойынша 15 жеңілдік санаттар саны - 1 381 771 (67%). Оның ішінде, басым бөлігін он сегіз жасқа толмаған балалар құрап отыр 875 541.
Жүйеде сақтандырылмаған адамдарға сауалнама жүргізу барысында жарна төлеуге ақшасы жоқтар, жүйеге қатысқысы келмейтіндер, медициналық көмекті ақылы алып жүргендер, үй шаруасындағы әйел, жұмыссыз, жалдамалы жұмысшылар, мүгедектер, бір жылға жетпей жұмыс жасағандар, шет елде оқитын студенттер, шет елден зейнетақы алатын зейнеткерлер, тұрғылықты мекенжай бойынша табылмағандар немесе мүлдем мәлімет жоқ адамдар, республиканың басқа аймағына қоныс аударғандар, РПН бойынша тіркелгенмен тұрғылықты мекенжайда тұрақты тұрмайтындар анықталды. Анықталған санаттар бойынша тиісті мекемелер жұмыс атқарып жатыр.
-Жалпы, Түркістан облысы бойынша Қорға қанша жарна түсті?
-Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2024 жылдың 1 маусымына дейін Түркістан облысы бойынша 92,8 млрд теңге Ұлттық банкке жиналған. Жинақталған қаржы сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген Ұлттық банкте сақталады және МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалуда.
Ағымдағы жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша 12,9 млрд теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсті.Оның ішінде, мемлекеттің жеңілдік санаттар үшін аударатын төлемдері де бар.
Жұмыс берушілер - төлем жасау бойынша екінші орында. Олар аталған кезеңдер үшін аударымдар түрінде 6,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
Жалдамалы жұмысшылар, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек етіп жүргендер, ЖК, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және дербес төлеушілер жалпы алғанда 6,1 млрд теңге жарна төледі.
-Медициналық көмектерге қатысты қанша арыз-шағымдар түсті?
-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірінші кезекте әрбір пациенттің проблемаларын шешуге мүдделі екенін айта кету қажет. Шағым түскен кезде Қор сарапшылары шұғыл түрде әрекет етіп, жағдайды сол жерде шешеді.
Қор филиалы қызметінің басты бағыттарының бірі - халықпен кері байланыс жасау және пациенттердің құқықтарын қорғау.
Сәйкесінше күн сайын азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы ақпаратпен қамтылып отыр. Адамдар өз құқықтарын зерделеп, қызығушылық таныта бастады және олар өз жағдайларын түсініп, келеңсіздіктерді шешуге көмектесуді сұрайды. Бүгінгі таңда өтініштер көбейіп келеді. Сол себепті азаматтарға кеңес беру қызметін 1414 бірыңғай байланыс орталығына беру туралы шешім қабылданды. Ол жерде операторлардың штаты кеңірек, сонымен қатар қоңырауларды қабылдау үшін техникалық мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл абоненттердің жауап күту уақытын бірнеше минуттан бір минутқа дейін қысқартады. Сондай-ақ бұл халықтың қоңырау шалу мүмкіндігін арттырады және «жоғалған» қоңыраулар үлесін азайтудың тиімді жолы. 1414 операторлары 9.00-ден 21.00-ге дейін консультативтік сипаттағы сұрақтар бойынша қоңыраулар қабылдайды әрі оларға жауап береді. Егер ситуациялық сипаттағы өтініштер тереңірек зерделеуді қажет етсе, онда олар Қор мен медициналық ұйымдардың өкілдері өңдейтін екінші және үшінші желілерге жолданады.
Қор филиалына ағымдағы жылдың 5 айында 732 өтініш түсті. Оның ішінде, арыз-шағым – 326, алғыс айту – 147, консультация – 213.
Егер пациентте сұрақтары болса, өзі тіркелген емханадағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуіне болады. Не болмаса Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegramдағы SaqtandyryBot арқылы хабарласуына болады.
Сонымен қатар, egov.kz электрондық үкіметінің сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінен медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебесін тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.