

Президент Жолдауында айтылған негізгі міндеттердің бірі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жаңғырту болып табылады. Осы бағытта медицина саласына қатысты бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.
Осыған орай, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының өкілдері өңірдегі медициналық ұйымдарда қызмет сапасын арттыру мен жаңа енгізілімдерді түсіндіруге арналған семинар өткізді.
Іс-шараға облыстық клиникалық аурухана, облыстық перинаталды орталық №1 және №2, офтальмологиялық аурухана, «Санитас» және «Рауан» медициналық орталықтарының қызметкерлері қатысты.
Филиал мамандарының айтуынша, бюджеттік мүмкіндіктер мен азаматтардың қажеттіліктерін теңестіретін бірыңғай мемлекеттік медициналық көмек пакеті қалыптастырылды. Бұл пакет әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау бойынша кепілдіктерді кеңейтеді.
Мысалы, онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандықтарға қолжетімді болды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде онкологиялық скринингтердің жалпыға бірдей қолжетімділігі ауруды ерте сатысында анықтап, тиімді ем қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ТМККК шеңберінде тек туберкулез және АИТВ инфекциясы бойынша диагностика жүргізіледі, ал басқа әлеуметтік мәні бар ауруларды анықтау МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, семинар барысында пациентті қолдау қызметінің жұмысын жандандыру қажеттілігі де айтылды. Мамандардың пікірінше, бұл қызмет дәрігер мен пациент арасындағы кері байланысты күшейтіп, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға және туындаған мәселелерді жедел шешуге ықпал етеді.
Филиал өкілдері медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне пациенттермен жұмыс істеудің тиімді тәсілдері мен сапаны арттыру бойынша бірқатар практикалық ұсыныстар берді.
