Түркістан қалалық орталық ауруханасында алғаш рет операциялық микроскоптың көмегімен мидың сол жақ маңдай бөлігіндегі каверномаға микрохирургиялық операция сәтті жасалды. Бұл – өңірдегі нейрохирургия саласындағы маңызды жетістіктердің бірі.
Күрделі операцияны Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, профессор Серік Дүйсен, Түркістан қалалық орталық ауруханасының нейрохирургі Әлібек Үсенұлы және ассистент-хирург Сайран Сафуанұлы бірлесіп орындады.
Ота барысында сүйек-пластикалық трепанация жасалып, кавернома сау ми тіндерін барынша сақтай отырып толық алынды. Мұндай микрохирургиялық әдіс операцияның қауіпсіздігін арттырып, науқастың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Аталған жоғары технологиялық медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді. Бұл сақтандырылған азаматтарға күрделі әрі қымбат нейрохирургиялық операцияларды қосымша қаржылық шығынсыз алуға мүмкіндік береді.
Бұл жетістік Түркістан облысында жоғары технологиялық медициналық көмектің қарқынды дамып келе жатқанын және өңір тұрғындарына күрделі операциялардың өз өңірінде қолжетімді бола бастағанын көрсетеді. Әрбір сәтті операция – дәрігерлердің кәсібилігі мен заманауи медицинаның мүмкіндіктерінің айқын нәтижесі.