Науқас Д.Мирзахметова «Медцентр-Кентау» ЖШС учаскелік дәрігерге жамбас буындарының ауырсынуына байланысты жүгінген болатын. Науқаста бірнеше жылдардан бері жамбас буынында ауырсыну пайда болған. Ол тұрғылықты жері бойынша емханада ортопедтен кеңес алып, ем алғанымен ауырсынулар тоқтамаған. Есесіне, жамбастағы ауырсынулар күшейіп, қосымша тірекпен жүруге мәжбүр болған. Науқас үнемі мазасы болмағаннан кейін, ауырсынуларды басатын дәрі дәрмектерге тәуелді болған.
Осыдан соң, орталық дәрігері академик Н.Ж.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми және ортопедия орталығымен байланысқа шығып, науқасқа қажетті кеңестерді алған. Нәтижесінде, пациентке ұлттық ғылыми орталықта ота жасату үшін ауруханаға жатқызу құжаттарын дайындап, жолдаған. Айта кетерлігі, пациент жеңілдік санатта болуына байланысты оң жамбас буынын толық эндопротездеу отасы МӘМС есебінен жасалды. Ота сәтті өтіп, науқас үйіне қанағаттанарлық деңгейде шығарылған.
Отадан кейін науқасқа оңалту шаралары тағайындалды. Яғни, пациенттің оң жамбас буынындағы қозғалыс көлемінің ұлғайтуға, арқа және төменгі аяқ бұлшықеттерінің күшін арттыруға, жүріс стереотипін түзетуге, мүгедектіктің алдын алу немесе төмендетуге қатысты ем-шаралар тұрақты жүргізіліп жатыр.