

Түркістан облыстық балалар ауруханасында неонаталды хирургтар жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық екі күрделі ота жасап, сәбилердің өмірін сақтап қалды. Ота жұмыстары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізілді.
36 апталық жүктілік кезінде салмағы 2620 грамм болып дүниеге келген ер бала перинаталдық орталықтан облыстық балалар ауруханасының жаңа туған нәрестелер жансақтау бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлер оған «аш ішектің туа біткен атрезиясы» диагнозын қойды.
Аш ішек атрезиясы – жаңа туған нәрестелердегі туа біткен ішек бітелуінің ең жиі кездесетін себептерінің бірі. Статистика бойынша, бұл патология 10 000 босанудың 1,3–2,8 жағдайында анықталады.
Ота барысында сирек кездесетін «алма қабығы» типті атрезия түрі анықталып, ішек өткізгіштігін қалпына келтіру үшін Т-тәрізді анастомоз салынды. Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті.
Ота жоғары санатты неонаталды хирургтар Сұлтанғали Маутайұлы және Жайна Бердикулова, анестезиолог-реаниматолог Шерхан Нұсқабаевтың қатысуымен жасалды.
Өмірінің 30-тәулігінде тағы бір нәрестеде он екі елі ішектің жартылай өтімсіздігі белгілері анықталды. Неонаталдық бригаданың қатысуымен шұғыл ота жасалды.
Ота барысында іш қуысына тексеру жүргізіліп, нәрестеде сирек кездесетін сақина тәрізді ұйқы безі анықталды. Ақау дуодено-дуоденоанастомоз салу арқылы түзетілді.
Операцияны жоғары санатты неонаталды хирургтар С.Сарыбай, С.Тұрысбеков және анестезиолог Қ.Сапар орындады.
Қазіргі уақытта сәби неонаталдық реанимация бөлімінде ем қабылдауда. Ол өздігінен тыныс алып, ана сүтімен қоректенуде және жағдайы тұрақты.
Бұл – өңірде жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы маңызды қадам.