Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған басымдықтар біздің күнделікті жұмысымызбен толық үндес. Денсаулық сақтау – қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі. Түркістан облыстық көпбейінді ауруханасы – өңір халқына жоғары технологиялық көмек көрсететін жетекші орталық.
Аурудың алдын алу біздің басты міндетіміздің бірі. Облыстық клиникалық ауруханаға қарасты онкоемханада скринингтік тексерулер тұрақты жүргізіліп, ашық есік күндері ұйымдастырылады. Тұрғындар тегін кеңес алып, ерте диагностикадан өтеді. Бұл халықтың өмір сапасын арттырып, қауіпті дерттердің алдын алуға септігін тигізеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында ең қымбат әрі күрделі операциялар халыққа тегін қолжетімді. Әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әрбір азамат шұғыл әрі жоғары технологиялық ем алады.
Ауруханада бүгінде бауыр және бүйрек трансплантациясы, онкологиялық және нейрохирургиялық күрделі операциялар жасалады. Бұл – өңір тұрғындарының ел аумағынан шықпай-ақ заманауи медициналық көмек алуына жол ашып отыр.
Біздің мамандар санавиация арқылы шалғай елді мекендерге барып, науқастарды тексеріп, қажет жағдайда шұғыл оталар жасайды. Сонымен қатар, аудандық ауруханаларда тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл медицинасының сапасын арттыруға үлес қосуда.
Акушерлік-гинекологиялық көмек жоғары деңгейде көрсетіледі. Жаңа әдістердің арқасында көптеген ананың және нәрестенің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туып отыр.
Жас дәрігерлер тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істеп, жаңа технологияларды меңгеруде. Цифрландыру жүйесін енгізу олардың кәсіби дамуына жол ашады.
Жолдауда атап өтілгендей, жасанды интеллект медициналық тәжірибеге енгізілуде. CerebraAI жүйесі контрастсыз КТ нәтижесін небәрі 2–3 минутта талдап, инсульттің түрін 99% дәлдікпен анықтайды және емдеу тактикасын ұсынады. Бұл инсульт алған науқастарға дер кезінде көмек көрсетіп, өлім-жітім көрсеткішін азайтуға мүмкіндік береді.
Жақында ашылған госпитальдық фармация бөлімі жасанды интеллект арқылы басқарылатын болады. Жоба аясында дәрілердің өзара әсерін автоматты тексеру, дозаны бақылау, дәрілік қорларды болжау және басқару, фармакобақылауды цифрландыру, емді жекешелендіру, фармацевтерге арналған оқыту симуляторларын енгізу қарастырылған. Бұл қадамдар дәрілік қателерді азайтып, бюджетті үнемдеуге, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға және дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге ықпал етеді.
Науқас талдауларына жасанды интеллектпен интерпретация жасау – тағы бір жаңа бағыт. Пациент қан тапсырғаннан кейін, оның нәтижелері автоматты түрде талданып, қорытынды шығарылады.
Түркістан облыстық көпбейінді клиникалық ауруханасы – аймақтағы медицинаның флагманы. Жаңа технологиялар, жасанды интеллект және алдын алу шаралары арқылы өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетілуде.
Жанболат Дильдабеков,
облыстық көпбейінді клиникалық ауруханасының бас дәрігері