Ордабасы аудандық көпбейінді орталық ауруханасына 75 жастағы науқас ауыр жағдайда жеткізілді. Ол бас ауруы, сөйлеудің бұзылуы, сол жақ қолының әлсіздігі, бет асимметриясы, жүрек айнуы және жалпы әлсіздікке шағымданған.
Дәрігерлердің тексеруі нәтижесінде науқасқа оң жақ ортаңғы ми артериясы бассейнінде (М1–М2 сегмент) ишемиялық инсульт диагнозы қойылды. Жағдайының ауырлығына байланысты пациентке шұғыл түрде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді.
Атап айтқанда, селективті церебральды ангиография және М1 сегментінен тромбты алу (рентгенэндоваскулярлық тромбэкстракция) операциялары жүргізілді. Аталған ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін орындалды.
Операция сәтті өтті. Дәрігерлердің кәсіби әрі жедел әрекетінің арқасында науқастың өміріне төнген қауіптің алдын алу мүмкін болды.
Мамандар инсульт белгілерін дер кезінде танудың маңыздылығын ескертеді. Негізгі белгілер:
бет асимметриясы
сөйлеудің бұзылуы
қол-аяқтың әлсіздігі
Мұндай белгілер байқалған жағдайда, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Бұл инсульттің ауыр салдарының алдын алуға мүмкіндік береді.